Робототехника чемпионатының жүлдегерлері елге оралды

Грекияда робототехникадан өткен ең ірі чемпионатта 190 елдің арасынан бас жүлдені жеңіп алған оқушылар елге оралды.

Чемпиондарды бүгін таңғы 06:00-де туыстары, достары мен ұстаздары Алматы әуежайынан қарсы алды. Қуанышты жүздесуге біздің түсіру тобымыз да куә болған еді.

Жеңімпаздардың жүзінен ұзақ жол мен уақыт айырмашылығынан шаршағандары байқалады. "Бірақ беделді жарыста жүлделі орынға ие болғандары үлкен мақтаныш екенін елге келгенде ерекше сезіндік", - дейді олар. Чемпиондардың қоржындары қомақты. Рекордтық ұпай саны бойынша төрт медаль иеленді.

Дулат Байтуленов, ФМБ НЗМ Робототехника лабораториясының меңгерушісі, жаттықтырушы:

- 190 мемлекеттің арасынан бірінші топ жарып, озған болатынбыз. Команданың қоржынында жоғары деңгейдегі төрешілердің санатында Альберт Энштейн FIRST Global International Excellence деген Award берді. Award 00542 Ustem Foundation қорындағы балалардың көмегіне әл-Хорезми деген жүлде берді.

FIRST Global Challenge чемпионатында еліміздің оқушылары үшінші жыл қатарынан көш бастап отыр. Жыл сайын түрлі елдерде өтетін олимпиадалық стильдегі робототехникадан әлем чемпионатына биыл 190 елдің өкілдері қатысты. Ауқымды додада үздік инженерлік әзірлемелерге басымдық берілді.

Досжан Дайран, команда капитаны, ФМБ НЗМ оқушысы:

- Біздің жарыс өте қызықты өтті. Осы жарыста біз басқа командалармен өте көп араластық. Мысалы, біз өзіміздің мемлекеттік этапта осыны жасамасақ, тек қана өзіміз жеңіске жеткен болсақ, осы жолы біз қарсыластарға да роботтарды салуға көмектескенбіз. Осының арқасында біз басты жүлдені ұтып алдық.

Жеңіске жеткен қазақстандық құраманың қатарында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан бар. Женева, Сингапур, Грекия чемпионаттарын бағындырған талантты жастар енді келесі белеске дайындалмақ.

 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев