Сенатор Қазақстанда TikTok желісін жауып тастауды ұсынды
TikTok-тағы контент адам өміріне қауіпті. Сенатор Геннадий Шиповских осылай деп, оны Қазақстанда бұғаттауды ұсынды, деп хабарлайды 24kz.
Ол Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында TikTok платформасында негатив контенттің көп таралатынын айтты. Мұндай мазмұндағы өнімдер балаларға психикалық және физикалық тұрғыда кері әсер ететінін жеткізді. Сондай-ақ аталған желі азаматтардың жеке деректерінің киберқауіпсіздігі мен құпиялылығына қауіп төндіретінін атап өтті.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы тиіс. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек.