Мәулен Әшімбаев: Барлық қазақстандықтарды дауыс беруге шақырамын
Барша қазақстандықтар референдум учаскелері ашылысымен азаматтық борышын өтеуге атсалысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Олардың қатарында саясаткерлер де бар. Парламент қос палатасының төрағалары, Үкімет басшысы, Президент кеңесшісі және Президент әкімшілігінің басшысы референдум учаскелеріне барып, дауыс берді.
Рухани Асқар, тілші:
- Мемлекет үшін стратегиялық шешімдер барша отандастарымыздың қатысуымен қабылдануы керек. Сондықтан әр азаматтың референдумға қатысып, таңдауын жасағаны маңызды. Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан №164 референдум учаскесінде дауыс берген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Спикер бүгін тарихи маңызды күн екенін айтты. Сол себепті, жастар да, аға буын өкілдері де барлығы атсалысуы маңызды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы референдумды Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам деп қабылдауға әбден болады. Бүгін біз Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзінде осындай ауқымды шаралардың арқасында халықтың пікірі естіліп, мемлекеттік органдар шешім қабылдайтын болса, біз барлық мақсаттарға жетеміз. Барлық қазақстандықтарды дауыс беруге шақырамын.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Қазақстан темір жолы» ғимаратындағы №163 учаскеге барып дауыс берді. Ол саяси науқанның ел болашағы үшін маңыздылығын айтып, халықтың белсенділігі аса жоғары екендігін атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгін – біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды күн. Еліміздің болашағына қатысты үлкен шешім қабылдануда. Ең бастысы, бұл шешімді халық қабылдап жатыр. Бұған дейін біз Конституциялық реформа қабылдадық. Оның басты мақсаты – әр адамның мемлекеттің саяси өміріне еркін қатысуын қамтамасыз ету. Бүгін біз соның нақты іске асқанын көріп отырмыз. Барлық аймақтағы азаматтарымыз өз даусын беріп жатыр. Өңірлерден келіп жатқан ақпараттарға қарағанда, белсенділік өте жоғары. Халық мемлекетіміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасайды деп ойлаймын.
Премьер-министр Олжас Бектенов жалпыұлттық референдумда елордадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайына келіп, өз дауысын берді.
Мемлекеттік кеңесші де алғашқылардың бірі болып, Ұлттық кітапханада орналасқан референдум учаскесіне барып, дауыс берді. Ерлан Қариннің айтуынша, ТМД мен Орталық Азия аумағында референдум өткізіп отырған жалғыз ел - Қазақстан. Мұндай маңызды мәселе бұрын-соңды референдумда талқыланған емес.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- ТМД кеңістігіндегі, Орталық Азияда осындай мәселе бойынша референдум өткізіп отырған жалғыз бірден-бір мемлекетпіз. Мұның өзі де көп нәрсені аңғартады. Елімізде мемлекет пен қоғам, азаматтар арасында мемлекеттің болашақта дамуын анықтайтын өзекті мәселелер бойынша өзара кеңесу, талқылау жаңа саяси дәстүрі қалыптасып келе жатқандығын.
Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай референдум күні азаматтық парызын орындады. АЭС салу туралы мәселе бойынша халық болып шешім қабылдауға атсалысу үшін дауыс беру учаскесіне барып, таңдау жасады. Республика бойынша референдум учаскелері таңғы сағат 7:00-де жұмысын бастаған. Осы сағаттарда ел үшін маңызды шешім қабылдауға үлес қосамын деген әр азамат дауыс беріп жатыр.
Авторлары: Рухани Асқар, Жәния Қарашолақова