Референдум тәртіпке сай өтіп жатыр – ҚР ІІМ

Елдегі референдум тәртіпке сай өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Прокуратура органдарына республикалық дауыс беру науқанына қатысты өтініштер түскен жоқ. Сот органдарына да тала-арыздар келмеген. Бұл туралы Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қараманов айтты. Оның сөзіне сүйенсек, дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Ал Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, учаскелерде оқыс оқиғалардың алдын алу үшін әр ауданда мобильді жедел-тергеу топтары құрылды.

Шыңғыс Алекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жалғастыруда. Алдында айтқанымыздай, Ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген нұсқада қызмет атқаруда. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары дауыс беру учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тәулік бойы кезекшілікте. Полицияның жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларының көмегімен референдум учаскелеріне іргелес аумақтарды бақылау күшейтілді.