Ақмола облысында 38 медицина нысаны ашылады

Ақмола облысында жыл соңына дейін 38 медицина нысаны ашылады.

Қазір көбінің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа амбулаториялық-емхананың барлығы қаладан шалғай орналасқан ауылдарда салынып жатыр. Нәтижесінде 43 мыңнан астам ақмолалық сапалы алғашқы медициналық көмекке қол жеткізеді.

Жаңа медициналық мекеменің бірі Мәлік Ғабдуллин ауылында бой көтеріп жатыр. 500-ге жуық тұрғыны бар елді мекендегі ескі фельдшерлік-акушерлік пункт ескі үйдің ғимаратында орналасқан. Сондықтан жергілікті халық жаңа нысанның ашылуын асыға күтіп жүр. Ал медициналық мекеме бұл ауылдан бөлек тек Мәлік Ғабдуллин ауылына ғана емес, көршілес тағы 4 ауылдың тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

Ольга Лагунова, Мәлік Ғабдуллин ауылының тұрғыны:

- Біз бұл сұрақты аудан әкімімен өткен жиында бірнеше рет көтердік. Нәтижесінде тұрғындардың талап, тілегі ескерілді. Тиісті қаржы бөлінді. Қазір міне, көріп тұрғандарыңыздай, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Шағын Фельдшерлік пунктте науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Яғни күндізгі стационардан бастап, толық ем-дом шаралары көрсетіледі. Нысанды қараша айында қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Олжас Жүсіпов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Бүгінде 70-80 пайыз жұмыс бітіп тұр. Ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Төбесі бітіп тұр. Қазір дала жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2-3 күнде план бойынша асфальт төсейміз.

Қазір аймақта осындай 38 нысан салынып жатыр. Оған ел қазынасынан 10 млрд теңге қаржы бөлінді. Медициналық мекемелер кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.

Ерболат Көшкенов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

- Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Осы айдан бастап нысандар пайдалануға беріле бастайды. Яғни желтоқсан айының соңына дейін барлығы ел игілігіне тапсырылады. Медициналық мекемелердің дені облыс орталығына шалғай орналасқан ауылдарда салынып жатыр.

Бұдан бөлек, аймақта 20 емхана қалыпқа қалпына келтіріліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 3 млрд теңге бөлінді. Ал салынып жатқан нысандардағы құрылыс жұмысы жыл соңында аяқталады.

 

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный