Байқаушылар: Референдумда өрескел заңбұзушылық болған жоқ
Дауыс беру учаскелерінде өрескел заңбұзушылықтар болған жоқ.
Ел бойынша референдумның әділ өтуін бақылаған қоғамдық ұйым өкілдері осылай деді. Мәселен, «Дауыс» коалициясының байқаушылары барлығы тоғыз жарым мыңға жуық учаскесінде болған. Оның құрамында 181 ұйымның өкілдері болды. Олар дауыс беру учаскелері ашылған сәттен бастап дауыс беру хаттамаларына қол қойылғанға дейін науқанның барысын қадағалады. Қазір коалицияның аймақтардағы барлық штабынан ақпарат жиналып, есеп дайындалып жатыр.
Төлеген Күнәділов, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы:
- Біздің байқаушыларымыздың мәліметі бойынша бір ауыздан айтуға болады: өрескел заңбұзушылықтар орын алған жоқ. Дегенмен қандай да бір техникалық сипатта болсын, ескертулер жасалған болатын. Бір айта кететіні, осы науқанда комиссия мүшелерінің де біліктілігі артқаны байқалады. Өйткені олар ескертпелерге жау ретінде қарамай, бірлесіп, конструктивті диалог ретінде осындай жұмыстарды атқарған болатын.