Түркістан облысы жылыту маусымына дайын

Түркістан облысы алдағы жылыту маусымына дайын.

Жауаптылардың айтуынша, өңірде 34 жылу энергетика кешені мен 1622 автономды қазандық жұмыс істейді. Жылу жүйелері 2187 әлеуметтік нысандар мен 737 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Алдағы қыстан қысылмай шығу үшін Түркістан облысына 700 мың тонна көмір қоры қажет. Бүгінге дейін облыс аумағына 238 мың тонна қатты отын жеткізілген. Тұрғындарға қажеті 318 мың тонна болса, қазіргі таңда соның 213 мың тоннасы, яғни, 67%-ы тасымалданып отыр. Ал бюджеттік мемекемелерге қажетті 100 мың тонна қатты отын толықтай жеткізілген. Облыста көмір тасымалымен 23 оператор айналысады.

Марат Байкүнісов, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Кентау қаласындағы №5-ші жылу энергия орталығында 4 қазандық жаңғыртудан өтіп, толық дайын. 2 қазандықта қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ол 30 қараша аяқталады. Одан бөлек, тағы 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Кентау қаласында жылыту маусымын бастауға бізде 6 қазандық дайын тұр. Таулы аймақтарымыз Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт, Созақ аудандары 15 қазан деп жоспарлауда. Қалған аудандар 1 қарашада жылту маусымын бастайды.