Шығыс Қазақстанда 155 ауыл интернет желісіне қосылмаған
Шалғай ауылдарды былай қойғанда, облыс орталығындағы 25-ші ықшам аудан тұрғындары да мұндай өркениет игілігіне қол жеткізе алмай келеді.
Жұрт талай жылдан бері жергілікті билік өкілдеріне өтініштерін жеткізіп жүргенмен әзірге нәтиже жоқ. Аядай ауданда ұялы байланыс та нашар. Бұл білім жолындағы жастарға да, жиі сырқаттанатын қарияларға да оңай тимесі анық.
Байланыс аясынан тыс жерде тұрып жатқандардың бірі - Инабат Хабиева. "9-сыныпта оқитын ол қосымша тапсырмаларды орындауда әбден тығырыққа тірелем",- дейді. Өйткені дәл сол кезде ғаламтордан бағдарлама жүктеп, сандық технологияның сиқырына жүгіне алмай титықтайды. Далаға шығып желіге ілінер жер іздеп кетеді.
Инабат Хабиева, 9-сынып оқушысы:
- Интернет бізде жоқ, бізде ол далаға шықсаң да, тауға шықсаң да ұстамайды.Бірақ кейбір жерде ұстап қалад, бірақ телефонмен сөйлескен кезде дұрыстап ести алмайсың.
Даладан интернет игілігін іздейтін Инабат қана емес. Қарттар да қажетті жерге хабарласа алмай күре жол бойын жағалап, тіпті жедел жәрдем шақырта алмай қиналады. Цифрландыру басқармасы бұл жайдан хабардар. Ұялы байланыс операторларымен де осы сұрақты талай талқылапты. Бар гәп оптикалық талшықты кабель тартатын бағандардың жоқтығында болып шықты.
Гүлназ Ахметова, Цифрландыру және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары:
- Оптикалық талшықты сым электр бағандары арқылы тартылу керек. Ұялы байланыс операторлары іске кірісуі үшін алдымен осындай жағдай жасалу қажет. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі бұны біледі. Қазір біздің мамандармен бірлесіп шешу жолын қарастырып жатыр.
Ықшам ауданда самсып тұрған электр бағандарын әзірге қолдана алмаймыз дейді мамандар. Өйткені олар әлі толық орнатылып бітпеген. Сондықтан ең тиімді амал ретінде тұрғындар өз күшімен қойған жекеменшік бағандарды қолдануды ұсынып отыр.
Мерей Әкімжанов, қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы:
- Шешу жолын ұсынған болатынбыз. 25 үйге тұрғындар өз күшімен тартылған электр желісі болған, сол бетон столбыларға тарту ұсынылған болатын.
Жауапты екі тарап мәмілеге келіп, жуық арада 25-ші ықшам ауданға интернет желісін тартамыз деп сендірді. «Ал облыстағы 155 ауылды ғаламторға қосу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп, 2027 жылға дейін аяқталады», - дейді сала өкілдері.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов