Шымкенттің 12 шағын ауданында газ жоқ
Жылу беру маусымы басталғанда Шымкенттегі 12 шағын ауданның тұрғындары тағы да көмір жағатын болды.
Қаладағы 100 мыңнан астам үйді табиғи газбен қамту үшін республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлініп, құбыр тартылып жатыр. Алайда жұмыс бітпей, бірнеше жоба келесі жылы тапсырылмақ.
Газ құбыры тартыла басталғанда қуанған Сабырхан Өміров енді алаң күйде отыр. Себебі мердігердің ісі өнбей, жұмыс тұралап қалған. «Көгілдір отын келеді дегенге сеніп, қысқа қамдана алмадық», - дейді ол.
Сабырхан Өміров, қала тұрғыны:
- Кеше істеп кетті. Ертең бастаймыз, газ келеді,- деді. Көмір алмаңыздар, отын алмаңыздар қатырамыз деген. Ол да жоқ. Көмір алмай отырмыз.
«Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында 3 мыңға тарта халық қоныстанған. Бірақ газдандыру жобасына жеке сектордағы біраз үйдің енбей қалғаны білгілі болды. Үй иесі заңды құжатын ұсынса да, құрылысшылар уәжге құлақ асар емес.
Гүлдана Шәденова, қала тұрғыны:
- Кезінде ақшам болмай, жеке меншік газды кіргізе алмағанмын. Қазір үкіметтің газы келді деп қуанып отырсам, ол да жоқ маған. «Өйткені жоспарда жоқсың, - дейді. Білмеймін неге жоқпын!? Құжатым бар. Барлығы түгел.
Абай ауданының әкімі құрылыс 60 %-ке аяқталып, газ жүйесі келесі жылы іске қосылатынын айтады. Ал Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы және Ынтымақ-2 шағын ауданын газдандыру жыл соңына дейін жоспарланған. Сондықтан мамандар техникалық шарт жасасқан тұтынушыларды көгілдір отынға қосу қыс айларында да жүргізілетінін айтады.
Шәкір Сұлтанхан, Абай ауданының әкімі:
- Мердігерді біз күн де бақылауда ұстап отырмыз. Күн де хабарласып, өзіміз де барамыз. Жылдың соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отыр. Қазір көмірлеріңізді ала беріңіздер. Кім біледі ертең қазан айының аяғында ма, қарашада қар жауып кетуі мүмкін ғой.
Биыл Шымкентте 12 шағын ауданға газ құбыры тартылып жатыр. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, жеті шағын аудан жыл соңына дейін газға қосылады. Ауқымды құрылысқа республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінген.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов