Бүгін – жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған күні

Балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты повесі орыс тілінде қайта басылып шығады.

Бұл туралы қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева хабарлады.

Дәл бүгін әйгілі қаламгердің туғанына 100 жыл толып отыр. Биыл жазушының мерейтойына орай бірқатар іс-шара атқарылды. Мысалы, «Менің атым Қожа» туындысы әзербайжан тіліне тәржімаланды. Шығармалары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени-әдеби мұра қорына енгізілді.

Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева да шығармашылыққа жақын адам. Ол «Жалын» баспасында, «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етті. Әке жолын қуып өзі де қалам ұстады. Аударма ісімен айналысты. Қазақ жазушыларының әңгіме – повестерін орыс тілінде сөйлетті. «Әкем көпшіл адам еді. Достарымен  жиналып, серуендеуді ұнататын. Бала кезден жазушыларды көріп өстік. Ол өз шығармаларында өмірді өз  қалпында суреттеуге тырысты», - деп еске алады Самал Бердібекқызы.     

Самал Соқпақбаева, Б.Соқпақбаевтың қызы:

- Кітап туралы әңгіме шыққанда бәрінің айтатытыны бұл Қожаны оқып отырып біз өзімізді танимыз. Әр қазақ өзін танып отырады. Бұл мен ғой. Менің әрекетім, менің де осындай жағдайларым болды деп. Сондықтан бұл нағыз өмірге жақын, ешқандай артық бояусыз. Шынымен болған дүниені жазғаны үшін халық сол үшін жақсы көретін шығар деп ойлаймын.

Бердібек Соқпақбаев жазушылық жолын «Бұлақ»  жыр жинағынан бастады. Кітап  1950 жылы жарық көріп, бірден өз оқырмандарын тапты. 1958 жылы балалар басылымы «Балдырған» жарыққа шықан күннен бастап Соқпақбаев журналда 6 жыл  проза бөлімінің меңгеруші болды. Сол «Бұлақ» кітабындағы өлеңдері журналдың биылғы сандарына басылып отырады.   

Ерғали Бақаш, «Балдырған» журналының бас редакторы:

- «Ағаштар неге ашуланды» деген әдемі әңгімесін жариялап отырмыз. Бұл әңгімеде кәдімгі балалардың көңіліне қанат бітіретін, бірін-бірі құрметтеуге, сондай-ақ табиғатта, өмірде адамдардың аялайтын, құрметтейтін дүниелеріне деген адамның ой-санасына әсер ететін көркем жақсы әңгімесін жариялап отырмыз.

Сондай ақ «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйытқы болуымен қаламгердің «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылды. Бұған дейін «Менің атым Қожа» шығармасы да 5 мың данамен түрікше тәржімаланған.  

Дүйсен Мағлұмов, жазушы:

- Мынадай сөз  болған кезінде: «Қожа әлемді аралап жүр» деген. Қожа әлі де әлемді аралап жүр. Енді кеше әзербайжан тіліне аударылып жатыр. Соның бәрін есептеп қарасақ, әлемнің 70-тен аса тіліне аударылған екен. Бұл әлемге таныту емей немене? «Өтірігі жоқ жазушы», - дейді. Шындықты жазған. Көп дүниені өзінің өмірінен алып жазған.

Жазушы  Соқпақбаев қазақ әдебиетінде өзінің дара жолын салды. 40 жасқа дейін өндіріп жазып, артынан өлмес туындылар қалдырды. Биыл республика көлемінде жазушының мерейтойына орай көптеген мәдени іс-шаралар өтті. Туған жері Нарынқол аулында ескерткіш орнатылды. Ал «Он алты жасар чемпион» повесі бойынша көркем фильм түсірілді. Ол жуырда жарыққа шығады.

Авторлары: А. Садуақас, С.Жұмабаев