Талғардағы төбелес: тың деректер анықталды

16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан Талғардағы төбелеске қатысты тың деректер анықталды.

Бүгін құзырлы органдар сол күні бейнебақылау камерасына түскен жазбаны жариялап, жағдайдың қалай өрбіп, қалай ушыққанын көрсетті. Кейін тергеу барысының жай-жапсарын айтып берді. Шерзаттың үйін кім өртеді? Бұған «Хуторский» қылмыстық тобының қатысы бар ма?

Талғар. Бұрын тамылжыған табиғатпен танылған өлке қазір қарашаға қанды қасіретпен мәлім. Шағын шаһардан үлкен дау шықты. Қала іші әдеттегідей туристке емес, күштік құрылым өкілдеріне толы. Қайғылы оқиғаның әлқиссасы 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімінен басталды. Жас баланың қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Күллі қазақ жұртының қабырғасы қайысты. Кейін кенеттен марқұм тұрған баспана өртеніп, мәселе ушыға түсті. Қысқасы, Шерзаттың қазасы қазнеттің басты тақырыбына айналды. Қараша күдіктілер әрекетін сын тезіне салуда. Сананы ашу билегенде, сыни ойға тұсау салынатыны белгілі. Сол үшін жалған ақпарат та желдей есіп кетті. Істің ақ-қарасын ажырату үшін құқық қорғау органдары бүгін тың деректермен бөлісті.

Бұл бейнебақылау камерасына түскен жазба. Осы материалға сүйене отырып, 7 адам оқиға күні қамауға алынды. Өткен жексенбіде тағы 3 адам құрықталыпты. Осылайша, 10 адам күдікті деп танылды, тағы екеуі қылмыстық қудалау орбитасына енді. Ұсталғандардың арасында бұрын сотты болған азаматтар бар.

Желі қолданушылары марқұм баспанасының өртенуі де бекер емес деп топшылыған еді. Бұл күдік орынды сияқты, мамандар үй қасақана өртелген болуы мүмкін дейді. Оқиға орнынан резеңке қолғап пен каннистр табылды. Оның үстіне от баспана сыртынан басталыпты, яғни, оқыс жағдай болмаған. Қазір мән-жай егжей-тегжейлі тергеліп жатыр. 600-ден аса адамнан жауап алынып, бірнеше сараптама тағайындалды. Марқұммның туыстары тәулік бойы күзетке алынды. Айтпақшы, прокуратура соттың онлайн өтуіне бейілді. Олар сотқа өтініш жіберетін болды.

Берік Адамов, Алматы облысының прокуроры:
- Біздің тарапымыздан тергеу ісінің заңдылығы мен толықтығы қадағаланады. Тергеу сатысында ешқандай заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Сот процесінің ашықтығы жөніндегі мәселе бойынша прокуратура сотқа өтініш хат жіберетін болады.

Бұған дейін де бейнежазбаның шағын бөліктері заңсыз жарияланған еді, мұны кім, қалай істегені белгісіз. Құзырлы орган қызметтік тексеріс бастағанын атап өтті.

Енді «Хуторский» қылмыстық тобы жайлы айтсақ. Әлеуметтік желі осындай «ОПГ» бар екенін алға тартып, оларға заң жүрмейді-мыс деген әңгіме тараған. Бірақ Ішкі істер министрлігі бұған сенбейді. Тіпті мұндай қылмыстық топ есепке алынбаған деді. Ал қараша тарапынан сол бұзақылар бірлестігінің басшысы деп айыпталған Хасан Қасымбаев тергеуге мүлдем тартылмады. Себебін жауаптылар бұлай түсіндірді.

Бауыржан Аленов, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- «Хуторский» деген қылмыстық топ біздің есепте жоқ. Ұсталғандарды ауызша бейнелесек те, олардың қандай да бір қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін байқауға болады. Екеуі ипподромда атбегі болып істейді. Біреуі Шымбұлақта қарапайым қызметкер, біреуі күзетші. Екеуі сұлулық салонында жұмыс істейді. Дегенмен, барлығы түгел тергелетін болады.

Жауаптылар жалған ақпарат таратпай, байыпты болуға шақырды. Кінәлі тұлғалардың бірі қалмай, бәрі жазаланады. Бұл – құзырлы орган уәдесі. Тіпті тікелей қатысы болмаса да, лауазымды тұлғалар да жауапкершіліктен құтылмайды. Бүгін Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан қызметінен босатылды. Қазір басқа лауазымдағы тұлғалардың да жауапкершілігі пысықталып жатыр.

Авторы: Бекзат Аманов