Құтқарушылар қыс мезгіліне дайындалып жатыр
Қазақстандық құтқарушылар қысқа дайындалып жатыр.
Қылышын сүйретіп қыс келісімен жолдар мен су қоймаларында келеңсіздіктер болуы мүммікн. Сондықтан төтенше жағдайлар министрлігі қазірден алдын алып, техникалардың дайындығын тексеріп жатыр. Айта кетерлігі бүгін құтқарушылар өз кәсіби мерекелерін атап өтуде. Мерекеге орай арна тілшілері елордалық құтқарушылардың жұмысымен танысып қайтты.
Құтқарушының сөмкесін арнайы қойма дерсің. Өрмелеу арқандары, дулыға және су құйғыш пен тоқаш дейсің бе бәрі бар. Олар әрдайым сергек, сақ жүреді. Себебі кез-келген уақытта шұғыл қоңырау келіп түсуі мүмкін.
Жанат Кәмерденов, қалалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:
- Бізде мынандай екі сөмке бар. Оның бірі шұғыл шақыруларға арналған. Екіншісі экспедициялық дорба. Жедел рюкзакта біз күнделікті қолданатын жабдықтар бар. Ал экспедициялық дорбада ұйқыға арналған заттар сақталады.
Елордалық жасақта 76 адам жұмыс істейді. Олар күллі Астана мен маңындағы аудандарға жауапты. Мұндағы "112" нөміріне күніне кем дегенде 2-3 шақырту түседі.
Рахат Кендібаев, қалалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:
- Маған жұмысым ұнайды. Тіпті басында қаулаған өрттің ішіне терезеден мен кірейін деп өзім сұранатынмын. Қазірде жұмысымды жанымды салып істеймін. Себебі отбасым мен балалаларым үшін үлгілі адам болуым керек.
Әр құтқарушы басынан түрлі жағдай өткенін сағаттап айтады. Себебі қызыл жалынмен арпалыста түрлі оқиғаға тап болады. Біреуі адамдарды жанып жатқан көліктен аман-есен шығарып алса, екіншісі сүйегі сынған адамға дер кезінде көмек көрсеткен. Бұл бірнеше ғана мысал. Алайда бүгінгінің батырлары бұны ерлік санамаймыз дейді. Олар үшін бұл күнделікті жұмыс қана.
Жанат Кәмерденов, қалалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:
- Өткен кезекшілікте есікті сындырып кіруге тура келді. Себебі жанып жатқан үйде қант диабетімен ауыратын ер адам қалып қойған. Жедел жәрдем шақырдық, дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп үлгерді. Мұндай оқиғалар көп.
Бұл жұмыста психологиялық тұрғыда бірқалыпты болу маңызды. Себебі құтқарушының жұмысы күйзеліске толы. Сондықтан жасақта арнайы кәсіби психолог жұмыс істейді.
Анастасия Рубцова, қалалық жедел-құтқару жасағының психологы:
- Иә, бұл жұмыс оңай емес. Сондықтан, мұнда қызмет ететін әр құтқарушының көңіл-күйін бақылау, оларға психологиялық көмек көрсету маңызды.
Олар ауыр жүктемелерге төтеп беруге әрдайым дайын батыл жандар. Әр шешімді ақылмен ұштастыратын қырлары тағы бар. Себебі олар үнемі шұғыл жағдайға дайын. Құтқарушының жұмысы міне осындай.
Айнұр Қуатқызы, Рауль Ғабитов, Асхат Қарақойшиев