Көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топ елге ₸320 млн шығын келтірді

Алматы қаласында көлік құралдарын тіркеуге қоюдың заңсыз жолы анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Қылмыстық топ көліктердің бірегей кодын өзгертіп, құжаттарды қолдан жасаған. Нәтижесінде VIN-кодтарды өзгертіп келген жерасты цехының жұмысы әшкере болды. Тіркеуге заңсыз қойылған автокөліктердің саны 150-ден асады.

Бұл әккі әрекетке арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің және делдалдардың қатысы бары анықталды. Бір дропперге 50 автокөлікке дейін тіркелген. 17 күдікті ұсталып, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Мамандардың айтуынша, қылмыстық топ осылайша елге 320 млн теңге залал келтірген.

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:

- Ішкі істер министрлігі азаматтар мен мемлекетке миллиондаған шығын келтіретін ұйымдасқан қылмыстық схемаларды анықтау бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Акционерлік емес қоғамның қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, тексеру жалғасып жатыр. Мемлекетке заңсыз әрекеттерден келтірілген залал шамамен 320 млн теңгеден асты. Алаяқтық, мәліметтер базасындағы ақпаратты заңсыз өзгерту мен көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірлерін қолдан жасау фактілері бойынша 17 қылмыстық іс тергеліп жатыр.