«AIFC Court Moot» студенттік сот процесі байқауының жеңімпазы анықталды

Астана халықаралық қаржы орталығының соты ұйымдастырған студенттік сот процесі байқауының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды 24KZ. «AIFC Court Moot» деп аталатын дәстүрлі байқау халықаралық сипатқа ие. Оған елімізден бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан ұзын саны 12 команда қатысты. Ақтық сынға Қазақстанның екі бірдей жоғарғы оқу орнының командалары өтті.

Nomad games қауымдастығы Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу рәсіміне қажет жоғары технологиялық нысан салуды көздейді. Түрлі құрал-жабдық орнатылуға тиіс нысанды Smart-Tech компаниясы тұрғызатын болып келісілді. Алайда құрылыс кезінде қос тарап арасында дау туындайды. Бұл – Астана халықаралық қаржы орталығының соты ұйымдастырған байқаудың ақтық сынға дайындаған сценарийі. Жалған болғанымен, тараптардың арасындағы мәселе шынайы оқиғаға өте ұқсайды. Себебі мұндай сипаттағы дау-дамай өмірде жиі кездеседі. Астаналық Мақсұт Нәрікбаев университеті командасы сценарий бойынша Nomad games қауымдастығының мүддесін қорғауға келіпті.

Дарина Қойшыбаева, байқауға қатысушы:

- Қаржылық мәселе туындағандықтан, клиентіміздің бұл ақшаны төлеуге шамасы болмады. Сол себепті екі тарап төлем сомасын 500 мың долларға қысқарту туралы келісім жасасады. Мердігер осыған әу бастан келісімін берген. Дегенмен ақыр соңында мердігер төленген қаражатқа көңілі толмай, Астана халықаралық қаржы орталығының сотына жүгінді. Біздің тарап тиісінше аппеляцияға берді. Бүгінгі отырыста оның құқықтық мүддесін қорғаймыз.

Айта кетерлігі, Дарина бастаған топ Smart-Tech компаниясының шартты заңгерлері алматылық КИМЭП университетінің командасын жеңіп кетті. Бірақ ақтық сынға жетудің өзі – болашақ заңгерлер үшін үлкен жетістік, тамаша тәжірибе. Сот процесіне дайындалу үшін студенттер ағылшын сотына тән процесті бүге-шүгесіне дейін зерттеуі қажет. Өйткені соттағы кейс жалған болғанымен, ондағы отырысқа қатысатын төрешілер – нағыз судьялар. Атап айтқанда, финалды қаржы орталығы сотының төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт және басқа да аға судьялар бағалады.

Мирас Дәуленов, білім беру саласының сарапшысы:

- Әлемдегі заң факультетінде оқып жүрген студенттер осындай сынға жиі түседі. Мәселен, Филлип Си Джессап халықаралық сот процесінің байқауы бар. Кезінде өзім де соған қатысқанмын, қазір студенттерді әзірлеп жүрміз. Бір білетінім, ақтық сынға шыққан озық студенттердің ешқайсысы далада қалған жоқ. Олар көбіне алпауыт компанияларда жоғары қызметке тағайындалады. Мынадай айғақ келтірейін, Австралия, Сингапур секілді елдердің жоғары сотында осындай байқауларда озып шыққандар отыр.

Дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – студенттердің халықаралық сот процестеріне қажет дағдыларын ұштау. Яғни, ТМД аумағындағы болашақ заңгерлер оқуды тәмамдамай жатып, осы бастан қажет тәжірибені жинақтай алады. Биыл «AIFC Court Moot» байқауы жетінші рет ұйымдастырылып отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев.