Тараз қаласының аумағы 31 мың гектарға ұлғаяды
Ел егемендік алғалы Таразда төрт шағынаудан салынды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл тағы екеуінің құрылысы басталды. Шаһар аумағына бірнеше саяжай қосылып, аумағымен қоса халық саны да артқан. Қазір 434 мың адам тұрады. Облыс орталығында баспана құрылысының қарқыны да жоғары.
Мерей Бает, тілші:
- Тәуелсіздік жылдары Тараздың аумағы едәуір кеңейді. Астана, Бәйтерек, Арай-2 шағынаудандарымен қоса елдегі ең үлкен «Ұлы дала» ауданы салынды. Мұның бәрі инженер-құрылысшы Рахманқұл Байтелиевтің көз алдында өтті. 45 жылдық еңбек өтілі бар инженер: «Небәрі 15 жыл ішінде қалада құрылыс қарыштап дамыды», - дейді.
Рахманқұл Байтелиев, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
- 2010 жылдары біз мемлекеттік бюджеттің есебінен 3-4 үйге қаржы алатын болсақ. Бүгінгі таңда қазіргі облыстың орталығында салынып жатқан құрылыстың қарқынына есептесек, 30-40 үй салынып жатыр. 10 есе көп артық қаржы бөлініп жатыр. Ол игеріліп жатыр. Бұл біздің әлеуетіміздің өте қарқынды арқанының көрсеткіші деп есептеймін.
Биыл қалада жаңадан екі шағынаудан салына бастады. Мысалы 16-шы мөлтек ауданда көпқабатты 82 үй тұрғызылады. Жоспар бойынша 16 мыңнан аса тұрғын қоныстанады. Әлеуметтік нысандар да бой көтереді.
Бауыржан Қалаубеков, құрылыс компаниясының өкілі:
- Құрылыстың сапасына келер болсақ, материалына келер болсақ, барлығы Қазақстанда өндірілген материалдар. Сапасы өте керемет. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. қазан айының аяғында аяқтаймыз. Үйдің сырты жоғарғы қысымдағы пресстелген минватамен қапталған.
Әкімдіктің мәліметінше, жаңа ауданда жыл соңына дейін 500-ден аса пәтер пайдалануға беріледі. Олар үй кезегінде тұрғандарға мемлекеттік бағдарлама аясында ипотекамен үлестіріледі. Жалпы қала бойынша пәтер кезегінде 22 мыңнан аса адам бар. Бәрін баспанамен қамту үшін биыл 30 млрд-тан аса теңге бөлінді.
Бақытжан Орынбеков, қала әкімі:
- 50 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған 22 млрд тек қана республикалық бюджеттен, оған қосымша 9,9 млрд «Самұрық Қазынадан» бөлініп отыр. Тұрғындардың тұрғын үйге сұранысын тек қана құрылыс арқылы емес, мынау нарықтан сатып алу механизімін де пайдаланып отырмыз. Былтыр пилоттық жоба ретінде іске асырғанбыз. Биыл бұл жоба арқылы 669 пәтерді біз нарықтан сатып аламыз. Сонда биылдың өзінде біз 3200 ге жуық пәтер пайдалануға береміз.
Қала көлемімен бірге халық саны да артып отыр. Соңғы 10 жылда тұрғындар саны 80 мыңға ұлғайып, 434 мыңнан асты. Келер жылы облыс орталығына 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылады. Сол кезде шаһар аумағы 31 мың гектарға ұлғаяды. Осыған байланысты көне шаһар келер жылы екі әкімшілік аумаққа бөлінеді. Екі көпір салынады.
Авторлары: Мерей Бает Елдар Байділдә