Абай облысына 1 млн тонна көмір қажет
Биыл Абай облысында көмір тағы қымбаттады, деп хабарлайды 24kz.
Билік өкілдері бағаның құбылуын логистикалық қиындықтармен түсіндіреді. Қатты отын ауыл-аймақтарға жеткенше құны үш есе ұлғаяды. Пеш жағып отырған шалғайдағы ауыл тұрғындары отынды нешеге алып отыр? Тасымалдау мәселесі қаншалықты өзекті?
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Ақсуат ауылының тұрғындары көмірді осы жерден алады. Бүгін әдеттегідей ұзын-сонар кезек. «Бір қысқа жетерлік көмірді бір мезетте сатып алуға шамамыз жетпейді», - дейді халық. Бір-екі тоннадан артық алмайды. Қыстан қысылмай шығу үшін әр үй кемінде 200-300 мың теңгеге шығындалуы тиіс.
Блиц 1:
- Халыққа кішкене қымбат болып тұр. Оны жалғыз мен емес, бәрі біледі. Оны халыққа да сатып отырған адамдар да біледі Ақсуатта адамдардың жалақысы қанша екені. Қанша көпбалалы аналар тұрады. Осылай жеткізіп, мынаны жоқ қылмай тұрса болды. Халыққа сол керек. КамАЗ да ештеңе керек жоқ, осы жерден алып тұрамыз.
Бағасы енді қымбат. Отыз мың теңге. Отыз мың қымбат болса да, аламыз енді. Басқа жақтардан ала алмаймыз, тізіммен береді. КамАЗ-дар келеді солай аламыз.
Қысқа ерте қамданып, көмір қорын жасап алғандардың бірі – Совет Жәлелбекұлы. Маусым сайын 5-6 тонна қатты отын алады. Үйіне көмір жеткізіп алуды ерте жаздан бастайды.
Совет Жәлелбекұлы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Кәсіпкерлердің арқасында көмір келіп жатыр. Ол да оңай шаруа емес. Семейге дейін 420 шақырым, ары қарай Қаражыраға дейін 120 шақырым.
Ауданда 19 мың адам тұрады. Биылға 25 мың тоннадан астам көмір қажет. Қазір облыс аумағында екі кеніш жұмыс істейді. Ондағы бастапқы баға – 10 мың теңге. Ал ауылдағы ағайын қатты отынның тоннасын 30 мың теңгеге алып отыр.
Ерсін Ескендіров, Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
- Көмірді биыл қыркүйек айының ортасынан бастап тасымалдауды бастадық. Қазір барлық үйде көмірмен қамтамасыз етіліп отырады. Көмірдің бағасы қымбат деген шағым болған. Біз сол бойынша қазір жұмыс жасап отырмыз кәсіпкерлермен. Енді олардың да жол шығыны, запчасті бар. Біз оны да есептеп қарап отырмыз.
Жалпы Абай облысына биыл 1 млн тоннадан артық көмір қажет. Оның 500 мың тоннасын Семей тұрғындары тұтынады. Облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасының мәліметінше, осы күнге дейін 280 мың тонна көмір жеткізілген.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов