Сом тұлға: Алматыда «Әлем таныған Әбдіжәміл» конференциясы өтті

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туғанына 100 жыл.

Осыған орай Алматыда «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, мемкетет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Қазақ әдебиетінде «Қан мен тер» және «Соңғы парыз», «Курляндия» романдарының шоқтығы биік. Оны қай буын болсын сүйіп оқиды. «Қан мен тердің» желісімен түсірілген киносы әлі күнге дейін экраннан түскен жоқ.  Қазақтың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туғанына 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияда бас қосты. Сөз алғандар Нұрпейісов шығармаларының өміршеңдігін, саналуандығын, жазылғанына қаншама жылдар өтсе де әлі күнге дейін оқырман қолынан түспейтінін атап өтті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қаламгерді еске алуға арналған іс-шараның маңызына тоқталып, мемлекет басшысының жолдаған құттықтау хатын оқып берді. 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Әбдіжәміл Нұрпейісов төл мәдениетімізді өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірген біртуар тұлға. Әдебиет әлеміне құбылыс болып енген сұңғыла суреткер қазақ прозасына ерекше қолтаңбасын қалдырды. Әбеңнің әр туындысынан туған жерге деген риясыз сүйіспеншілігі айқын көрінеді. Оның «Қан мен тер», «Соңғы парыз» секілді романдарын өз заманының айнасы деуге болады. Арал арқылы қазақтың, қазақ арқылы барша адамзаттың мәселесін көтерген бұл шығармалар – әлем өркениетіне қосылған құнды қазына.

Классик жазушының туындылары бірнеше тілге аударылып, әлем жұртшылығына таныс болды. Қаламгерлерлердің айтуынша, бұл кісінің шығармасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Жазғандарын шеберлік мектебі ретінде қолданса да артық етпейді. Ал Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың айтуынша, «Қан мен тер» трилогиясын түрік тіліне аудару жоспарланып отыр. 

Сұлтан Раев, Түрксой Халықаралық ұйымының бас хатшысы:

- Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл қазақ әдебиетінің классигі шолпан жұлдызы бір ғана қазақ әдебиетінің емес, түрік дүниесінің дүниелік деңгейдегі жазушы деп айтсам болады. Түрік дүниесінде ағамызды өте жоғары сыйлаймыз. Құрметтейміз. Құдай бұйырса ағамыздың кітаптары түрік тілінде жарияланады. Қан мен терді. Алда пландастырып жатырмыз.

Шара барасында «Әбенің әлемі» деп аталатын фотоальбом-кітап көпшілікке таныстырылды. Оған Нұрпейісовты 40 жылдан астам суретке түсіріп келген белгілі фотожурналист Сайлау Пернебаевтың еңбектері енді. Оның бірқатары осы көрмеге қойылды.  

Асылхан Әбдірайымұлы, «Әбенің әлемі» кітабын құрастырушылардың бірі:

- Әбдіжәміл ағамызды 1967 жылы бастаған сол кезеңнен суретке түсіруді бастаған. Содан «Соңғы парызға» дейін. Әбдіжәміл ағамыз роман жазса «Қан мен тер», «Соңғы парыз». Сайлау ағамыз фотороман жазған Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы 40 жылдай. 100-ге жуық бұрын көп жарияланбаған суреттер енді.  

Бұл Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесі. Мұндағы үйлерде кезінде Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтанов сияқты атақты жазушылар мен көрнекті өнер қайраткерлері тұрған. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің де осы номері 156 үйде пәтері болды. Онда қаламгер 1975 жылдан бастап тұрған. Сол көп қабатты баспанаға мемориалды тақта орнатылды. 

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы: 

- Осы мына мына аллеяның бойында қыдырып бір-бірімен пікірлес болған. Соның ішінде Әбдіжәміл де болған. Оның «Соңғы парыз» деген романы осы жерде жазылды. Ол кісі Әуезовтан кейін көп аударылған жазушы. Мысалы, Германияда шығаруы үлкен оқиға болған. Францияда солай болған. Өйткені қазақтың мінез-құлқын, қазақ деген халықтың көркем бейнесін жасап кеткен керемет жазушы.

Әбдіжәміл Нұрпейісов ғасырға жуық ғұмыр кешті. Соның 80 жылын қалам ұстап өтті. Әдебиетке деген адалдықты, шығармашылыққа деген жауапкершіліктің қандай болатынын ісімен көрсете білді. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон