Павлодарда тұрғын үй құрылысы қарқын алды
Облыс орталығында ең ірі жоба – Достық шағынауданы салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Онда қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартатын әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдардың барлығы қамтылады. «Жайлы мектеп», мұз аренасы, балабақша, аурухана, сауда үйлері бой көтереді. Сондай-ақ шаһарда іргесі қаланған жаңа екі шағынауданның құрылысы толық аяқталды.
Усолка шағынауданында алғашқы көпқабатты үйлер 90-шы жылдары пайда болды. Біраз жылғы үзілістен кейін құрылыс қайта жанданды. Қазір бұл аудан халық тығыз қоныстанған қаланың ең үлкен бөлігіне айналған. «Ертіс қойнауында үй салу тыңнан түрен салғанмен бірдей болды», – деп еске алады Қазақстанның құрметті сәулетшісі Марат Қабдуалиев.
Марат Қабдуалиев, ҚР құрметті сәулетшісі:
- Усолка өзенінің бергі жағалауына көпқабатты үйлер салынды. Қазір бұл аумақтағы жер телімдері толық игерілген. Бас жоспарға сәйкес келесі жоба канал арқылы өзеннің арғы бетінде жүзеге асуы тиіс еді. Әлі де кеш емес деп ойлаймын. Ертіс өзенінің қойнауын кептіріп, өте қызықты жобаларды жасауға болады.
Павлодарда жаңа шағынаудандардың пайда болуы халықты баспанамен қамтуға тың серпін берді. Тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыруға жол ашты. Мәселен, «Алюминстрой» ауданындағы екіқабатты ескі үйлер сүріліп, орнына «Сарыарқа» шағынауданы түсті. Бүгінгі күні бұл аудан толық салынып біткен.
Бұл – осыдан екі жыл бұрын Сарыарқа шағынауданында қолданысқа берілген жаңа мектеп. Жобалық қуаттылығы 650 оқушыға шақталған. Бірақ бала санының көптігінен екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Оқушылар саны бүгінгі күні мыңнан асып кеткен.
Ләйлә Жүсіпова, Ә. Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің директоры:
- Мектеп жаратылыстану-математикалық бағытында білім береді. Бүгінгі күні осы Әлихан Бөкейхан лицей-мектебінде 29 лицей сыныптары бар. Бастауыш сыныпқа жылда-жылда алты сыныптан тұратын 26 баладан 160-қа жуық бала білім алып жатыр. Осы Сарыарқа шағынауданында ашылған мектеп барлық осы тұрғындарға қызмет жасайды.
Қаланың байырғы тұрғыны Людмила Сокуренко ұзақ жыл бойы екіқабатты қамыс үйде тұрған еді. Көз алдында ескі «Алюминстрой» шағынауданы сүріліп, су жаңа Сарыарқа ауданы бой көтерді. Зейнеткер қазір жаңа пәтерде тұрады.
Людмила Сокуренко, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Біз бұл ауданның салынғанын қаншама жыл күттік десеңізші. Міне, арманымыз орындалды. Жаңа кешенге тез үйреніп кеттік. Шынымды айтсам, өте бақыттымыз. Көз алдымызда көркейіп жатыр.
Павлодар тұрғындары үшін тағы бір тың жоба жүзеге асып жатыр. Ол – «Достық» шағынауданы. Онда 20 мыңдай халық баспанамен қамтылады.
Жангелді Шалғымбаев, Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:
- Бізде «Жайлы мектеп», балабақша, сонымен қатар демеушілердің қаражатына мешіт жобасы қарастырылған. Екінші кезекте мұз айдыны, емхана және көпқабатты тұрғын үйлер тұр. Бұл жобаның үшінші кезегі де жоспарда бар.
«Достык» шағынауданын айнала трамвай жолы түседі. Тағы бір мектеп пен оңалту орталығының құрылысы басталады. Маңызды жоба 2030 жылдарға дейін жалғасады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.