ШҚО-да екі елді жалғайтын көпір апатты жағдайда тұр

Жақында ғана еліміздегі ең ұзын көпір қолданысқа берілген Шығыс Қазақстан облысында тағы да бір маңызды өткел салынады.

Келесі жылы Шемонаиха ауданындағы Үлбі өзенінің үстінен транзиттік гидронысан құрылысы басталуы мүмкін. Өйткені қазіргі көпір бірталай уақыттан бері апатты жағдайда тұр.

Мамандардың айтуынша, ескі құрылымның техникалық қызмет көрсету сапасы күн сайын нашарлап барады. Десе де, одан басқа өзеннен өтетін жол жоқ. Сондықтан шекара маңында тұратын қалың ел әзірге сол қауіпті өткелді пайдаланып жүр.

Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысында еліміздегі ең ұзын көпір құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Бұқтырманың үстінен тұрғызылған 1300 метрлік нысан бес ауданды байланыстырады. Енді Үбінің үстінен салынуы мүмкін гидронысанның маңызы да бұдан кем түспейін деп тұр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл гидроқұрылғы Шемонаихаға апаратын жалғыз автокөлік көпірі ғана емес, трансшекаралық маңызы жоғары өткел деуге болады. Өйткені осы жол көршілес Ресейге апарады. Күніне 1000-нан аса көлік өтетін көпірге түсетін салмақ та аз емес. Әсіресе күзде ары-бері астық тасыған ауыр техника тіпті көбейеді.

Алпыс жыл бұрын салынған өткелдің ұзындығы 228 метр. Қазір әбден ескірген. Оның үстіне бұл нысан бүгінгідей көлік нөпіріне есептелмеген. Жаңа стандарт өлшемдеріне сай емес, дейді мамандар.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда талаптарға сай емес көпір, өйткені көліктердің жүру қарқыны жоғарылады. Жүк көтеру салмағы жоғарлады. Соған байланысты техникалық жағдайы өткізуге қауқарсыз.

Әзірше көпірге түсетін салмақты азайту үшін бір жолақты көлік қозғалысы енгізілді. Бұл ары-бері ағылған жолаушыларға да, жүк тасымалдаушыларға да қолайсыз.

Александр Иванченко, көлік жүргізушісі:

- Кезінде бұл жолмен кен өнімдері тасымалданды.Содан тез тозып кетті. Қазір міне әрең тұр. Қашан құлайтынын кім білсін. Сондықтан қайта салу керек. 

Апатты өткелді қайта салуға аудандық әкімдіктің шамасы жетпейді. Сондықтан көпір жергілікті теңгерімнен облыс қарамағына ауысты. Салалық басшылар бастапқыда нысанды қайта жөндеу туралы шешім қабылдағанмен, соңында жаңасын салу керек,- деп ұйғарды.

Нұржан Жұмаділов, ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Көпірдің жағдайына қарап, өйткені айналып өту мәселесі өте қиындайды, сондықтан көпірдің қасынан жаңа көпір салуды жоспарлап отырмыз. Жобалық сметалық құжаттар жасалып жатыр көпірдің құны шамамен 12-14 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз, жоспарлағанда енді алдын ала санау бойынша  соны көрсетіп отыр. 

Бұл қаржыны облыс қазынасы да көтермейді. Демек, республикалық бюджетке өтінім жіберіледі. Айта кетсек жақында Шемонаихада болған салалық министр, бұл ескі өткелдің мәселесін шешуге қолдау көрсетеміз деп уәде берген болатын.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин