Жамбыл облысында 24 полигон рұқсатсыз жұмыс істеген
Жамбыл облысында 24 қоқыс полигоны экологиялық рұқсатсыз жұмыс істегені анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Жалпы аймақта 163 қоқыс тастайтын орын болса, соның 100-ден астамы жыл сайынғы қалдық есебін тапсырмаған. Оған жергілікті билік өкілдерінің де сұрау салмағаны белгілі болды.
Табиғатты қорғау прокуратурасы, жұмысына салғырт қараған әкімдерді жауапқа тартып, 300 мың теңгеден аса айыппұл салды. Бірақ өңірдегі полигондарда қалдықты сұрыптау мен көлемін есепке алу жолға қойылмаған. Қоқысты өртеп жоятындар да кездеседі. Тексеріс барысында осындай құқықбұзушылыққа жол берген полигон басшылары мен Экология департаментінің өкілдері анықталды.
Еркін Әлмаханов, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры:
- Қазіргі таңда 9 тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері бар. Экология департаментінің басшылары тәртіптік жауапқа тартылды. Жасыл Тараздың қызметкерлерімен арнайы полигонда тәркіленген электронды темекілерді сол жерде жойып өртеген. Бұл факті бойынша қазіргі таңда әкімшілік жауапқа тартылды.