Саран қаласының әкімі қызметінен босатылды

Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов жылыту маусымына дайын болмай, халықтың жылусыз қалуына жол бергені үшін жұмыстан босатылды.

Естеріңізге сала кетейік, 13 қазанда 77 үйдің тұрғындары жаңа жылу орталығы іске қосылмағандықтан жылусыз қалды. Жергілікті билік резервті жүйелерге, яғни ескі қазандықтарды қосуға мәжбүр болды. 15 қазанда Үкімет отырысында Сарандағы жылу мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов барлық жөндеу жұмыстарын бір күн ішінде аяқтауды тапсырды. Үкімет басшысы жағдайдың шиеленісуін қала және облыс әкімі тарапынан бақылаудың жоқтығымен байланыстырып, өңірге Энергетика министрін арнайы тексеруге жіберді. Сондай-ақ жиналған материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылатынын мәлімдеген еді. Егер істің қылмыстық құрамы анықталса, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Белгіленген уақытта тұрғын үйлерге жылу қосылған жоқ. Үкімет басшысының тапсырмасы тек 17 қазанда орындалды. Енді Саран қаласы басшысының қызметін уақытша әкім орынбасары Мақсат Қайрешов атқарады.