Өскеменде жылу тарифі өсті

Өскеменде 1 қарашадан бастап жылу бағасы көтерілді, деп хабарлайды 24KZ. Бірақ тарифтің өсуі біркелкі емес. Бұдан былай тұрғындар баспана неғұрлым кең болса, ақшаны соғұрлым көп төлейді. Аумағы 100 шаршы метрден асатын үйлерге қосымша төлем қарастырылған.

1 қарашадан бастап жылу кем дегенде 8%-ке қымбаттайды. Тарифтегі өзгеріс тұрғын үй ауданы 100 шаршы метрден асатындар үшін белгіленген. «Егер пәтер немесе үй кең болса, онда иелеріне көп төлеуге тура келеді», – дейді монополияға қарсы ведомство басшылығы.

Облыс орталығында «көп тұтынсаң, көп төлейсің» деген ұстаным енгізіліп жатыр. Бұл, өз кезегінде, артық шығынға салынатын салықтың бір түрі. Ал монополияға қарсы ұйым тарифтің өсуін қолдап отыр. Себебі жылу орталығы қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Заңға сәйкес ол былтырғы орташа республикалық мөлшерден кем болмауы шарт.

Жұмагүл Мүсіпова, ШҚО Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының м.а.:

- Өтінім нәтижесі бойынша жұмысшылардың өндірістік персонал жұмысшыларының жалақысы 306 мың теңгеге, яғни 26%-ке өсті және де әкімшілік жұмысшылардың жалақысы 494 мың теңгеге, яғни 22%-ке өсті.

Бұған дейін өндірісте жұмыс істейтіндер 242 мың теңге алатын. Мардымсыз жалақы кесірінен кәсіпорындарда кадр тапшылығы туындаған.

Алла Фатеева, «Шығыс Жылу» коммуналдық кәсіпорнының қаржы директоры:

- Екі-үш жылдай өткен шығар. Жылу желілеріне қызмет көрсететін білікті мамандар жоқтың қасы. Қазір кадр тұрақсыздығы 14,5%-ке жетті. Айына шамамен 80-100 бос жұмыс орны байқалады.

Жалақыны көтеру салаға маман тартуға мүмкіндік береді. Бірақ тарифтің өсуіне тұрғындар наразы.

Наталья Щербинина, қала тұрғыны:

- Әрине, қалтамызды қағады. Тариф көтеріледі, азық-түлік қымбаттайды. Осылайша, бір-бірімен тізбектеліп кете береді. Соңғы уақытта азық-түлік пен жарық қатты қымбаттады.

Бірақ тарифтің ауытқуын тұрғындардың басым бөлігі сезбейді. «Жылу үшін   ай сайын 6-7 мың теңге төлеп келгендер енді 500-600 теңге артық төлейді», – дейді жылу желісінің өкілдері. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов.