Алматыда көне зат сататын базар халықтың жиі баратын жеріне айналды
Патша заманынан сыр шертетін самаурыннан бастап, кеңестік кезеңдегі ыдыс-аяқтар.
Алматыдағы жайма базар ескі заттар мен, жәдігер іздеушілердің жиі баратын орнына айналды. Сатып алушылар мұнда арзан зат алу үшін емес, дүкеннен табыла бермейтін бұйымдарды іздеп барады. Мысалы қазір нарықта, көне ыдыс-аяқтардың бағасы жартты миллион теңгеге дейін жетеді.
Қаланың шығысындағы жексенбілік жайма базар алматылықтарға жақсы таныс. Мұнда сыры кетсе де сыны кетпеген көне бұйымдардың түр-түрі бар. 8 жылдан бері ескі заттар сатып жүрген Пархат Имитжановтың коллекциясында құнды бұйымдар аз емес. Патша заманында жасалған самаурын, ескі монеталар және ХІХ ғасырда Бұхарада тігілген ұлттық киім жәдігер іздеушілер үшін таптырмас дүние.
Пархат Имитжанов, сатушы:
- Біріншіден, кез келген заттың сапасына байланысты. Енді орташа самаурын бізде түркиялық 35-40 мыңнан басталады. Тіпті ол самаурын патша заманынан болса оның бағасы әлі де көп болады. 100 мыңнан 500 мыңға дейін барады самаурындар.
Зейнеткер Шамиль Нагаев та жайма базарда сауда жасайды. Ретро стильдегі ыдыс-аяқ, жиһаз, бөлме шамдарын көбіне қала тұрғындары алып келеді. Бірақ ол барлығын сатып ала бермейді. Ескі заттарды қабылдамас бұрын, сапасын, тарихи маңыздылығын тексеріп алады екен. Зейнеткерге кино түсірушілер де келіп, керекті заттарын алып тұрады екен.
Шамиль Нагаев, саудагер:
- Менде әйгілі детективтің кейіпкері Глеб Жеглов қолданатын сталиндік кезеңнің диваны бар ғой, тура сондай диван болды. Тез сатылып кетті. Ал бұл 30-жылдардағы сталиндік ампир. Мынау Романтик магнитофоны ересектерге жақсы таныс. Жас кездерінде иығына салып ән тыңдап жүретін.
Алматылық дәрігер әрі коллекционер Марат Томақаев бұл жерге жиі келеді. Оның айтуынша қандай да бір тарихи оқиғаға қатысы бар ескі дүниелердің бағасы қымбаттай түскен. Қазір көне ыдыс-аяқтарға сұраныс жақсы. Егер ол ыдыста әлдеқашан жабылып қалған зауыттың таңбасы тұрса тез сатылып кетеді екен.
Марат Томақаев, коллекционер:
- Мені көбінесе балалық шақты еске салатын заттар қызықтырады. Мысалы, комсомол, пионер ұйымдарының төсбелгілері мен кеңестік кезеңді бейнелейтін заттарды қарап жүрмемін. Олар біздің балалық шағымыздың естелігі.
Жайма базарда киім-кешектен бастап, ретро сағаттар, танымал тұлғалардың мүсіндері мен портреттері бар. Бұдан өзге тұрмыстық техникалар, шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар және ескі кітаптар көп кездеседі.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев