Петропавлдағы көпқабатты үйде ондаған отбасы тоңып отыр

Петропавлда ондаған отбасы күздің қара суығында пәтерлерінде тоңып отыр, деп хабарлайды 24kz.

Олардың айтуынша, биыл көпқабатты үйге берілген жылу мардымсыз. «Оның үстіне ыстық су өшіп, жығылғанға жұдырық болды», - дейді тұрғындар. Үй қашан жылынады?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бес қабатты мына бір үйде 45 отбасы тұрады. Олар үшін биылғы жылыту маусымы жайсыз басталды. Құбырлар болар-болмас қана жылы. Күн суытқалы тұрғындар үйде жылы киіммен жүреді.

Юлия Белопухова, қала тұрғыны:

- Бүгін жылы киіммен ұйықтадым. Терезені ашудан қалдық. Бұл үйде 6 жыл тұрамын. Мұндай суық болған емес. Биыл үйіміз күздің өзінде азынап кетті. Ыстық су да жоқ.

Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Жылу берілген күні ыстық су да сөніп қалған. Тұрғындар ең алдымен өздері ақша жинап, 450 мың теңгеге сорғы орнатты. Бірақ құбырдың қысымы көтерілмей тұр. 

Денис Суслов, қала тұрғыны:

- Үйді қысқы маусымына толық дайындап, қазанның 4-еуі жылуға қосылдық. 10 күндей бәрі дұрыс болды. Кейін құбырлар суып кетті. Жауапты мамандарға хабарластық. Олар келіп тексеріп кетті. Содан бері күтіп отырмыз.

Тұрғындардың шағымы бойынша тексеріс жүргізген мамандар өздері кінәлі болып шықты. Олар жақын маңдағы жылу магистралін ауыстыру кезінде осы үйге тартылған құбырды бұзып кеткен. Енді қайта қалпына келтірмек.

Әсем Айтолова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жылу режимдері бұзылды. Қазіргі кезде Петропавл жылу желілерінің мамандары сол жерде жұмыс жасап жатыр. Кешке дейін жұмыс аяқталады. Жылу үйге кіреді.

Қазір қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 230 шақырым. Оның 70%-ке жуығы әбден тозған. «Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіледі», - дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков