Шығысқазақстандық құтқарушылар қысқа дайындықты пысықтады
Шығысқазақстандық құтқарушылар аязды, қарлы маусымға дайындықты пысықтап, қауіпсіздікті күшейте бастады, деп хабарлайды 24KZ. Облыстық және республикалық жолдарда бірнеше жылыну пунктері жұмыс істейді. Сонымен қатар боранда сапарын жалғастыра алмай қалған жолаушыларға күрежолдың бойындағы дәмханалар да көмек көрсетеді.
Ондай мекемелердің тізімі де анықталды. Мамандар бекер алаңдап жатқан жоқ. Өлкеде қатты бұрқасында қатынас тоқтап қалатын жол бөліктері жетерлік. Әсіресе Өскемен, Алтай, Өскемен-Семей, Өскемен-Тарғын-Самар бағытына барыс-келіс қиындай түседі. Оның үстіне синоптиктердің болжауынша, биыл қар қалың болады. Төтенше жағдайлар департаменті жолда қалғандарды эвакуациялау үшін жол талғамайтын 114 арнайы көлік әзірлеп қойды.
Ернар Жәлелов, ШҚО ТЖД басқарма бастығы:
- Облыстың автожолдарында 10 жылыну пункті жұмыс істейді, оның төртеуі облыстық, алтауы республикалық жолдарда. Қосымша 15 жол бойындағы кафе анықталып, олар жылыту және тамақтандыру пунктері ретінде пайдаланылатын болды.