Таразда тұрғын үй алабында таза су жоқ

Таразда құрылысы былтыр аяқталған ауыз су жүйесі әлі күнге іске қосылған жоқ.

Әлеуметтік маңызы бар жобаға 460 млн теңге жұмсалған.

Тұрғын үй алабына жаңа құбыр тартылған, бірақ тұрғындар құдықтың суын ішіп отыр. Жауаптылар бұл жағдайға халықтың өзін кінәлайды.

600 үйі бар «Қарасай» тұрғын үй алабы 30 жыл бұрын шаһар құрамына енген. Жұрт жылдар бойы таза ауыз су мәселесін көтерген соң, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, былтыр су желісі жүргізілді. Бірақ тұрғындар әлі күнге тіршілік нәрінен тарығып отыр.

Кеңесбек Темірбаев, қала тұрғыны:
- Миллиондаған ақша бөлінген шығар. Оны пайдаланбаса, халық игілігін көрмесе, ақша желге ұшты деген сөз ғой енді. Немқұрайлы қарайды. Қазақ ауылының қайда екенін білмейді де барсаң.

Жаңа су құбыры жүргізілді деген аты ғана. Халық әлі күнге өзі қазған құдық суын тұтынады. Тазалаудан өтпеген жерасты суының сапасы нашар. 

Гүлнәр Жарқынбаева, қала тұрғыны:
- Дәмі нашар, ішуге мүмкін емес. Тас құм құттар шығады, қызыл-қызыл майда-майда құрттар шығып жатыр. Қазіргі заманға, 21-ғасырда дұрыс емес қой. Су өте қажет.

Орталықтандырылған ауыз су желісі «Жамбыл-су» мекемесінің теңгерімінде. «Су құбырында ақау жоқ, қазір-ақ қосар едік», - дейді жауаптылар. Бірақ 600 абоненттің тек 50-ге жетер-жетпесі жаңа желіге қосылған.

Қала билігінің мәліметінше қазір тұрғын үй алабында 117 үй орталықтандырылған су құбырына қосылуға өтінім берген. «Бірақ мұның өзі жеткіліксіз», - дейді әкімдіктегілер. Су жіберу үшін тұрғындардың 50 проценті қамтылуы тиіс. Сондықтан жергілікті билік түсіндірме жұмыстарын күшейтпек.

Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:
-
600 қолданушыға арналған желіде 44 үйдің суы тұру – ол судың ертең жарамсыз деңгейге жетуі. Өйткені су айналып тұрмаса ол сасуға келеді, ол жарамсыз болып табылады. Біз қазіргі таңда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл алдағы уақытта түгел сол жерде тұрған абоненттердің барлығында абоненттеу жұмыстары аяқталып, су тұрақты түрде берілетін болады.

Айта қала аумағындағы «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» мен 28 саяжай тұрғын алабтарын ауыз сумен қамту үшін 6,6 млрд теңге бөлінді. Биыл қалған аудандарға тіршілік нәрін жеткізу үшін 1,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Осылайша жергілікті билік қаланы 100 процент таза ауыз сумен қамтымақ.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділді