Жезді кентінде тасқыннан қираған көпір әлі жөнделмей тұр
Ұлытау облысының Жезді кентінде көктемгі су тасқыны кезінде қираған жаяу жүргіншілер көпірі әлі күнге қалпына келтірілмеді, деп хабарлайды 24kz.
Елді мекендегі мыңнан астам тұрғын сегіз айдан бері қауіпті өткелмен қатынап жүр. Жергілікті әкімдіктің «жөндеп береміз» деген уәдесіне тойған тұрғындар шағым айтып, біздің арнаға хабарласты.
Жезді кентін жарып өтетін өзен үстіндегі бұл көпір ең төте әрі жалғыз жол. Көктемгі тасқын кезінде сең бұзып, апатты деп танылған. Арғы бетте тұратын 1 мыңнан астам адам 8 айдан бері қираған көпірмен қатынауға мәжбүр.
Арыстан Асылбеков, Жезді кентінің тұрғыны:
- Көпірің анау. Қисайып тұрғаны. Содан қисаңдап өтеміз, сырғанап. Басқа не айтамыз. «Ақша бөліп жатырмыз, ертең істейміз», - дейді. «Қыркүйектің 30-ына дейін істеп береміз», деді. Қазір қараша болды әлі жоқ.
Көпір қираған соң аудандық білім бөлімі мектеп оқушыларын тасымалдайтын арнайы автобус бөлген. «Оның да жүргенінен тұрғаны көп», - дейді тұрғындар. Сондықтан шамасы жеткендер баласын айналма жол арқылы көлікпен тасымалдап жүр.
Сабыржан Әбеев, Жезді кентінің тұрғыны:
- Балаларымыз бар оқушы. Мына кезде музыкалық мектеп бар, басқа да үйірмелер бар. Мектепке сабаққа өтеді оқушылар. Біреудің жазым болуын күтіп тұрған сияқты. Тайғақ, сырғанақ қарасаңыз. Сабаққа жібермейін десең тағы болмайды.
Көктемгі тасқын кезінде кентте ауызсу құбыры мен кәзір желісіне зиян келді. Оннан астам үй су астында қалды. Төтенше жағдай жарияланып, оның барлығы қалпына келтірілді. «Ал, қираған көпірді жөндеуге әлі мүмкіндік болмай тұр»,- дейді кент әкімі. Мемлекеттік сатып алу байқауын жеңіп алған мердігер шарт жасаудан бас тартқан.
Мұратбек Жұмабек, Жезді кентінің әкімі:
- Қазіргі күнде сметалық құжаттар қайтадан жасалып, ауа райына байланысты кейбір жұмыстар алынып тасталып, қайтадан жарияланды. Нәтижесі келесі аптада дүйсенбіде болады. Жеңімпаз анықталса, шарт жасалады. Сметада 22 млн теңге қарастырылған.
Кент әкімдігі: «Апатты көпірді жаңа жылға дейін қалпына келтіреміз», дейді. Жарты жыл бойы уәдеге сенген тұрғындарға оған дейін қауіпті жолмен қатынауға тура келеді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов