Тікұшақ апатынан қаза тапқан ұшқыштың аты-жөні белгілі болды

Ақтөбедегі Ми-8 тікұшағының апатты жағдайда қонуына техникалық ақау себеп болуы мүмкін.

Алайда түпкілікті қорытынды тергеу жүргізілгеннен кейін белгілі болады. Анығы, тікұшақ былтыр жөндеуден өткен. Бұл жайлы Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазір мән-жайды анықтау үшін Қорғаныс министрінің орынбасары Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия облыс орталығына барды. Айта кетейік, оқыс оқиға бүгін сағат 11:40–та болды. Ақтөбе облысындағы Сарыарқа ауылы маңында тікұшақ апатты жағдайда қонып, жанып кетті. Авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, майор Батыр Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты. Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы тәмамдаған. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан.