Меркі ауданындағы ауыл әкімдері бітпеген жолға ₸305 млн аударып жіберген
Меркі ауданындағы ауыл әкімдері жұмысын аяқтамаған мердігерлерге 305 млн теңге аударып жіберген, деп хабарлайды 24kz.
Сорақысы сол, құрылыс компаниялары асфальтты мүлде талапқа сай етіп төсемеген.
Мерей Бает, тілші:
- Бұл – Меркі ауданындағы Ақарал ауылында салынған асфальт. Тұрғындар жол салуда техникалық талаптың мүлдем сақталмағанын айтады. Мердігер алғашқыда жолды жіңішке етіп салған. Тұрғындар наразылығынан соң қайта кеңейтпек болады. Бірақ техникасы түгел емес компания, битумның өзін топырақ үстіне шәугіммен құйған.
Рысбүбі Жұматаева, Ақарал ауылының тұрғыны:
- Кім істесе де, дұрыс істемеген. Соқыр адамға да көрініп тұр ғой. Екі көлік мынандай болып өтетін Құдайдың берген жолын сондай тар қылып жасаған. Сол асфальттан қалған ақшаға қай тесігін жамайды. «Одан кейін айттық», деді. Бер жағына жамап қойыпты онда да аяқтаған жоқ. «Жөндеп береміз», деп айтыпты. Жөнделмей тұр ғой. Одан бері 2 ай болды ма.
Ауданда бюджет қаржысына бақылаудың жоқтығы байқалады. Себебі жолға жауапты бөлім басшысының өзі ауыл көшелерін асфальттауға қанша қаражат жұмсалғанын білмейтін болып шықты. Тек «кемшіліктер түзеледі» дегеннен танбады.
Ербол Акек, Меркі аудандық ТКШ Жолаушылар көлігі және аж бөлімінің басшысы:
- Қаражатын мен қазір есімде жоқ. Дайындалып келу керек еді ғой. Талапқа сай деп баға беріп отырған жоқпыз. Ол бойынша жіберген кемшіліктері бар. Әкімімен сөйлестім, әкімі айтып отыр, жалпы мердігерлер келді техникасының бәрі дайын. Тек қана асфальт укладчик таппай отыр. «Сол асфальт укладчик тапса, осы бір екі күнде қайтадан қалпына келтіреміз, - деп уәдесін беріп жатыр.
Ақарал ауылымен қатар Сармолдаев, Ақермен елді мекендерінің әкімдері де жұмысын аяқтамаған компанияларға бар қаржыны аударған. Жалпы 3 ауылда 20 көшеге асфальт төселуі тиіс еді. Алайда, кей жолдар аяғына дейін жетпесе, енді бірінің қалыңдығы талапқа сай емес. Сонымен қатар 67 млн теңгенің жұмысы мүлдем жасалмағаны белгілі болды. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент мамандары дер кезінде анықтап, 3 әкім де сөгіс алды.
Қайрат Бәйгебаев, ҚР СЖҚІҚА Жол басқармасы басшысының орынбасары:
- Егер де жолдар толық қолданысқа беріліп кеткен жағдайда, онда ауыл әкімдерінің жауапкершілігі тәртіптік емес, бұдан да ауырырақ, яғни, қылмыстық жауапкершілікте қаралуы мүмкін еді.
Мәселеге антикор мамандары араласқан соң әкімдер мен мердігерлер кемшіліктерді түзейтін болды. Жалпы биыл аудандағы жол жөндеу саласына 1 млрд 647 млн теңге бөлінген. Осы жағдайдан соң сол қаражаттың жаратылуы жіті бақылауда болмақ.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдан Байділдә