Ұлытау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандады

Өткен жылы Ұлытау облысы әлеуметтік маңызға ие тауар бағасының өсу индексі бойынша өңірлер арасында көш бастаған еді, деп хабарлайды 24kz.

Ал, биыл  17-орынға тұрақтады. Халық көп тұтынатын азық-түлік бағасы арнайы құрылған тұрақтандыру қоры арқылы реттелді. Базардағы бағаны ауыздықтау үшін аталған қордан 2700 тоннадан астам тауар тұтынушыларға төмен бағамен сатылды.

Өңірде облыстық тұрақтандыру қоры екі жыл бұрын құрылған. Қазір онда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 14 түрі бойынша қор жасақталды. Тауарлар тікелей өндірушілерден және компаниялардың ресми өкілдерінен төмен бағамен сатып алынады. Одан әрі әлеуметтік сауда нүктелері арқылы тұтынушыға жеткізіледі. «Қазіргі уақытта қорда әлеуметтік маңызға 4600 тонна ақыз-түлік бар», - дейді «Ұлытау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Жүрсінбай Лекеров.

Жүрсінбай Лекеров, «Ұлытау» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары:

- Халыққа ең керек деген ұн, күріш, қант, жеміс өнімдері, ет, күнбағыс майы тағы басқа өнімдер алынды. Негізінде бұл өнімдердің көбісі бүгінде өнім өндірушілердің қоймаларында сақталуда. Жезқазған қаласының өз басында күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, ет, ұн өнімдері сақталуда. 2023 жылдан бері 2700-ден аса өнімді саудағы шығарып интервенция жасадық.

Жалпы жағдай тұрақты болғанымен, өткен аптада өңірде әлеуметтік маңызы бар бірнеше тауар бағасының өсуі тіркелді. Мамандар мұның себебін өндірушілердің өнім құнын қымбаттатуымен байланыстарады. Мұның сыртында оны тасымалдау шығыны бар. Өңірде әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің небәрі 3-ақ түрі шығарылады. Ұн, нан және ет. Қалғаны өзге өңірлерден әкелінеді. Облыс басшылығы жергілікті өнім түрлерін инвестициялық жобалар арқылы кеңейтіге ниетті. Мәселен, биыл Жаңаарқа ауданында сою цехы мен ет консервілерін өндіретін мал шаруашылығы кешені іске қосылды. Кеңгір ауылында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы ашылды. «Болашақта кәсіпкер құс етін өндірумен және өңдеумен айналысуды жоспарлап отыр», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Рамазан.

Мұкағали Рамазан, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- 2025 жылы Ұлытау ауданында 400 гектар аумаққа суармалы егістік алқабын құру жоспарланып отыр. Жезқазған қаласында 5 мың тонна сыйымдылығы бар заманауи көкөніс қоймасын тұрғызу жобасы іске асырылады деп күтілуде және 5 мың басқа арналған Жаңаарқа ауданында бордақылау алаңын құру жобасы көзделуде. Осы жобалардың аясында біз ішкі нарықты 25-30 пайызға жаба аламыз деп болжаудамыз қазір.

Бүгінде облыстағы егістік алқабы 30 мың гектар ғана. Оның басым бөлігіне бидай егіледі. Келер жылы көкөніс және мал азығын өсіру үшін егіс көлемін тағы 3 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Нұрбол Үздікбаев