Атырауда тропикалық павловния ағашы өсіп тұр
Атырау облысында тропикалық павловния ағашын жерсіндірген бағбан тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Самат Ізмағамбетов өңірге осы ағаш түрін алғаш рет осыдан 3 жыл бұрын Түркістан облысынан әкелген. Бүгінде аумағы 5 гектар алқапта бұл өңірге таңсық айрықша көшетпен бірге егілген жеміс ағаштары да өсіп келеді. Павловния – Шығыс Азияның тропиктік аймағында кездеседі екен. Қазақстанның тек оңтүстік өңірлерінде өседі. Енді атыраулық бағбан ағаштың жаңа түрін Атырауда жайқалтуды қолға алған. Жалпы Индер ауданында бағбандар қатары көбейіп келеді. Қазір ауданда 6 шаруашылық жеміс ағаштарын егумен айналысады. Олар 3-4 жылдан бері 18 гектар алқапқа алма, алмұрт, шие, өрік секілді жеміс ағаштарын егіп, өнім ала бастады.
Самат Ізмағамбетов, бағбан:
- Павлония ағашын бірінші жылы отырғызғаннан кейін кесіп тастайсың. Содан келесі жылдары өседі. Ол материал. Алюминий сияқы майысқақ. Жеңіл өте. Сосын 3-4 жылдан кейін гүлдейді. Сосын оттегіні жақсы береді. Кәсібім жүріп кетсе, көмек алуға болады, Үкіметтен. Бірақ ол үшін өзімді көрсетуім керек қой, әлі игере алмай жатырмын жайлап-жайлап болады.