БҚО мен Ресей шекарасының бойында киіктердің көшуіне жол ашылады
Батыс Қазақстан облысы мен Ресей шекарасының бойында киіктердің көшуіне жол ашылады, деп хабарлайды 24kz.
Екі арада экологиялық дәлізді арттыруға жануарлардың көбеюі себеп.
Аймақта екі млн-нан аса ақбөкен бар. Олардың мекендейтін жерлері Жәнібек ауданы мен Волгоград облысының аралығын қамтиды. Қазір шекараны тікенек сымнан жасалған қоршау бөліп тұр. Жануарлардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін Ресей тарапы қоршауды алып тастауға уәде берді. Бұл киіктердің санын реттеу туралы нақты шешім қабылданғанға дейін қолданылатын уақытша шара.
Нұрлан Рақымжанов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Киіктер бұрын Ресей Федерациясының арғы жағына емін-еркін өте беретін. Бірақ соңғы жылдары пайда болған сым қоршау олардың жолына бөгет болды. Жануарлардың өткені өтеді, өтпегені қалады, кейбірі жарақат алады. Біз олардың табиғи көші-қон жолдарын көрсетеміз. Белгілі бір жерлерді тікенек сымнан босатады.