«Ауыл аманаты»: Қызылорда облысында 575 бизнес жоба жүзеге асты

Биыл Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 575 жоба жүзеге асып, 610 жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Ауыл тұрғындарының бизнесте белсенділік танытуына жеңіл пайызды несие сеп болған. Оның бір парасы Бесарық ауылындағы өндірістік орталықта іске қосылды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге сапарында аталған өнімдер желісімен танысқан болатын.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бесарық – келбеті келісті ғана емес, өндірісі өрісті ауыл. Бұл елді мекенде шұлық пен қолғаптан бастап кір жуатын ұнтаққа дейін шығады. Барлығы да жергілікті тұрғындардың бизнес идеясы. «Жұмыс жоқ», деп қол қусырмай, өз ісін бастаған жандарды қолдау үшін ауылда өндірістік орталық салынған.

Аумағы мың шаршы метрлік нысан жеке шаруашылықтың демеушілігімен іске қосылды. Қандай да бір өндіріс ашу үшін ғимарат салу немесе жалға алу қажет болатыны белгілі. Ал мына орталықта бүгінде 13 бизнес жоба жүзеге асып отыр. Оның бірқатары «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске қосылды. Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов аталған өнімдер желісімен танысты. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын тексерді. Жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитер, сабын және басқа түрлі өнімдер өндіретін шағын цехтарда 25 жаңа жұмыс орны ашылған.

Соның бірі – жұмыс қолғабын тоқитын цех. Мұнда сағатына 100 дана қолғап дайындалады. Кәсіпкер 6 млн теңге жеңіл пайызды несиеге арнайы қондырғылар сатып алған. «Өніміміз нарық бағасынан арзан болғандықтан сұраныс артып келеді. Алдағы уақытта осындай қаржылай қолдау тетіктерін пайдалана отырып, өндіріс аясын кеңейту жоспарда бар», - дейді ауыл тұрғыны.

Ал мына наубайханада 100-ден астам нан өнімдері шығады. Мұнан бөлек, 10 түрлі кондитерлік өніммен ауыл дүкендерін қамтып отыр. Ауыл тұрғынының бизнес идеясы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы іске асты. Ауылдың келбетіне тұрмысы сай болуы маңызды. Премьер-министр Бесарық ауылын дамыту тәжіребиесін одан әрі кеңейту қажет екенін алға тартты. Мұндай бизнес-инкубаторлар алдағы уақытта өңірдегі әр ауданның кемінде 3-4 ауылында ашылады.

Айта кетейік, облыста биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 575 жоба жүзеге асып, 610 жұмыс орны ашылған.