«Келешек» бағдарламасы: Мәжіліс заң жобасын І оқылымда мақұлдады
Қазақстанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ. «Келешек» деп аталатын жинақтау жүйесі арқылы ата-аналар өз баласының жоғары білім алуына қаражат жинай алады. Ерекшелігі, есепшотқа мемлекет те ақша салып отырады.
Ұлттық қордан төленетін ақшадан бөлек, мемлекет енді баланың сапалы жоғары білім алуына қаражат бөлмек. Бұл бағдарлама ерікті жүйе болғандықтан, шоттарды автоматты түрде ашу жоспарланбайды. Ол ата-аналардың өз қалауына байланысты. Яғни, бала тура бес жасқа толғанда ата-анасы оның атына арнайы есепшот аша алады. Оған мемлекет бірден 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын енгізеді және жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақыны аударады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз санадық, 11 млн-ға дейін санауға мүмкіндік бар. Сондықтан, әрине, түрлі сұрақтар бар. Дегенмен бұған дейін болған жинақтау жобаларынан бөлек, мемлекет бастапқы капиталын береді. Жаңа айттық, 60, 120 АЕК көлемінде, банктердің де міндеттемелері бекетіліп отыр. Бұл Ұлттық Банк бекіткен тиісті 2%-тен аз болмауы керек. Бұған қоса жыл сайын 5-7% мемлекеттің премиясы беріледі.
Бұл бағдарлама – бала болашағының кепілі. «Келешек» жүйесі арқылы жиналған қаржымен шетелдік оқу орындарының ақысын төлеуге болады. Сондай-ақ бұл болашақта баланың тұрғын үй жағдайларын шешуде үлкен көмек болмақ. Бағдарламада бір баланың жинақ ақшасын екіншісіне беру мүмкіндігі де қарастырылған.
Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Негізгі мақсаты білім алуға бағытталған. «Келешек» жүйесі – біздің елдің азаматтарына білім алуына қосымша қаражат көзі. Егер бұл қаражат көзі жиналып қалып, ол грантқа түсіп немесе басқа да грант арқылы оқыса, осы қаражатты үй алуға немесе өздері шешіп алуға, өздерінің туған бауырларының оқуын төлеп беруге мүмкіндігі бар.
Баласының келешекте сапалы білім алуын қалаған кез келген ата-ана бұл мәселені қазірден ойластырғаны жөн. Ал мемлекет ата-аналарды ынталандыру үшін бастапқы капиталды беруге көмектеседі.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл ата-аналардың өздерінің еркіне байланысты. Егер біз жинақтау мәдениетін қалыптастырсақ, баласының болашағын ойлайтын болса, өзінің сақтандыру жүйесімен таныс азаматтар сала бастайды деп ойлаймын. Кейінгі кезде бұл басқа да азаматтарға бұл жинақтау мәдениетінің қалыптасуына негіз болады деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Мәжіліс қабырғасында «Келешек» жинақтау жүйесінің қызметін реттейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жас өрендеріміздің келешегіне кепіл болар жобадан зор үміт күтілері анық.
Авторы: Қуандық Танабас.