Алматы көшелеріне тағы 50 мың бейнебақылау камерасы орнатылады

Алматыда жыл соңына дейін бірыңғай видеомониторинг жүйесінің 50 мың бейнекамерасы қосылады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл қала көшелері мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар жаяу жүргінші жолдары мен аула іші толық жарықтандырылады.

Қазір қалада 150 мыңнан аса бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар жол жүру ережесінен бастап ұсақ бұзақылық, ауыр қылмыстардың ашылуына да септігін тигізіп отыр. Камераға түсіп қалудан қорқатын қылмыскерлер аяғын аңдап басады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тәсілдерінің нәтижесінде қылмыс 10% азайған.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Криминогенді ахуалды талдаған кезде міндетті түрде бірнеше факторға аса назар аударымыз. Мысалы, осы учаске жарықтандырылған ба немесе жарық жетіспей ме екен жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, осындай бірен-саран мәселелерді шешу арқылы криминогенді ахуалды тұрақтандырамыз.

Жыл соңына дейін біріңғай мониторинг жүйесіне қосылатын 50 мың камераның көбі жасанды сана арқылы адамды бет-әлпетінен тани алады. Бейнежазбалар 209 жеке және 613 мемлекеттік нысандардан алынады. Тұрғындар болса бейнебақылау болғанымен кейбір жолдар мен аулалардағы жарықтандыру жұмысы көңілден шықпайтынын айтады.

Блиц 1:

- Осы көшенің өзі міне, қараңыз, әр жерден 3-4 жерде лампа, міне, магистральді көше, ал анау қаланың шет жағына барсаң, жалпы көшеде жарық жоқ.

Блиц 2:

- Кешке үйге қайтар кезде, түнде жалғыз өзім жүрмеуге тырысамын. Себебі, жарық түспейді жолдарға. Жалғыз өзім жүрмеймін көбінесе, такси шықыруға тура келеді.

Көшелер мен аулаларды жарықтандыруға жауапты компания жыл басынан бері 27 мың күйген шамды ауыстырыпты. Бұрын жарық болмаған аумақтарға 600 шақырым желі тартқан. Бұл жұмыстар тұрғындардың өтініші бойынша атқарылады екен. Ал көше шамдарын қосу мен өшіруге сағаттың ауысуы әсер етпеген.

Берік Нұрасыл, жарық беруші компания өкілі:

- Бір айлық көрсеткіштегі санақ бойынша 425 сағат жарықшамдары жанған, биыл да сол уақытта көше жарықшамдары жанып тұр. Бізде мына уақытқа байланысты емес, табиғи құбылыстарға байланысты және күннің батуы мен шығысына қарай біз көше жарықшамдарын жағамыз.

Қалада 6 мыңнан аса көше бар. Олардың 70% жуығы жарықтандырылған. Қалған аумақтарға келесі жылдың соңына дейін толықтай бағандар тартылып, шамдар ілінеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев