Астанада ауыл әйелдерінің форумы өтті
Астанада ауыл әйелдерінің республикалық форумы өтті.
Оған еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам қыз-келіншек пен үкіметтік емес ұйым өкілдері және Мәжіліс депутаттары қатысты. Шарада елді мекендерде тұратын әйелдердің мәселесі талқыланып, олардың кәсіпкерлігі сөз болды. Сондай-ақ «Кока кола белестері» гранттық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Форум осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның аясында ауыл әйелдерінің экономикадағы үлесін арттыру, келіншектерге жағдай жасап, олардың кәсіп бастауына мүмкіндік беру секілді маңызды мәселелер талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда әйелдер үшін тіпті арнайы оқулар ұйымдастырылады. Онда бизнесін өркендетіп, мансаптық өсуде қажетті дағдыларды дамыту бойынша тақырыптар қамтылады.
Майра Айсина, Қазақстан ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
- Басты алдымызға қоятын мақсат – бәрімізде ауыз толтырып айтамыз «Ауыл - ел бесігі» деп. Ол бесікті кім тербетеді? Әйел ғой енді. Бүгінгі таңда осы біздің оқудан өткен әйелдер 11 мыңға жуық әйел жұмыс орнын құрып отыр ауылдық жерде.
Шарада кәдесый, әшекей бұйымдар мен түрлі тәттілер қойылған көрме болды. Оған «Кока кола белестері» байқауының қатысушылары өз өнімдерін қойды. Мәселен, жетісулық Шахизада Ілиясова таза өнімнен жасалған шұжығы мен қазысын ұсынды. Нәтижесінде байқаудың жеңімпазы атанып, 3 мың долларға ие болды.
Шахизада Ілиясова, кәсіпкер:
- Осы қаражаттың арқасында өзіме керекті құрал-жабдықтарымды алып, кәсібімді өрге домалатып жеке бренд қалыптастыруға өз үлесімді қосамын. Осы гранттың қаражатының арқасында нарыққа шығуды жоспарлап отырмын.
Бұдан бөлек тағы 10-нан астам келіншек 2 мен 4 мың доллар аралығында гранттарға ие болды. Жалпы алпауыт «Кока Кола» компаниясы соңғы 10 жылда 5 миллионнан астам әйелді өз ісін табуға ынталандыру жобасын іске асырып келеді. Ауылдық жерде тұратын 100-дан астам қазақстандық әйелге грант табыстаған. Ал осының бәрін жүзеге асыруда «форумды ұйымдастыру комитеті» мен «Жасыл экономиканы қолдау» бірлестігінің маңызы зор.
Альмира Оразбай, Жандос Битабаров