Елордада әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайы өтті

Шараға қатысқан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, деп хабарлайды 24KZ. «Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікке айрықша мән беріледі. Соның арқасында бизнестің жасампаздық пен жанашырлыққа негізделген осы түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Форум Еуразия халықтары арасындағы серіктестікті нығайтуға серпін беріп, өзара ықпалдастықты арттыра түсері сөзсіз», – делінген хатта.

Жалпы әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бірқатар өзекті сын-қатерлер бар. Сенат спикері оларды еңсеру үшін кешенді жұмыс қажет екенін атап өтті. «Әлеуметтік кәсіпорындар көбіне гранттар мен қайырымдылыққа тәуелді. Сондықтан әлеуметтік жобаларды қолдау үшін микроқаржыландыру тетіктерін және басқа механизмдерді дамытудың маңызы зор», – деді Сенат спикері. Құрылтай барысында ауылдарда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Әлеуметтік кәсіпкерлер өзекті қоғамдық мәселелерді шешу жолында мемлекеттің маңызды серіктестері екенін атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлер қызметінің құқықтық мәртебесін анықтауға және оған қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға жол ашты. Осыған байланысты әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау алу мүмкіндігіне ие болды.