Алматыда метеорит жинайтын коллекционер тұрады
Қазір Ильдар Халитовтың қолында 22 тас бар.
Олардың әрқайсысы Қайыңды, Ащысай деп табылған жеріне қарай аталады. Оның бұл іске қызығушылық таныта бастағанына 3 жыл ғана болған. Осы уақыт ішінде қолына түскен тастардың нақты метеорит екендігін дәлелдеу жұмыстарымен айналысып келеді. Мамандығы астрономиямен байланысты емес. Жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Өзінің айтуынша, метеоритті жинау біраз қаржыны қажет етеді. Коллекционер сертификаты бар тастарды ғана алады. Бүгінге дейін 22 метеоритті сатып алуға 7 мың АҚШ долларын жұмсаған. Биыл «Қазақстан метеориті» деген атпен кітабын шығарды. Онда планетааралық кеңістіктен жерге түсетін метеорлық денелердің қалдықтары туралы қызықты деректер бар.
Ильдар Халитов, қала тұрғыны:
- Менің коллекциямдағы ең алғашқы метеориттің салмағы 620 грамм. Мұны көлемді сынығы деп айтсақ та болады. Мен оны астаналық бір жігіттен қалап, сатып алдым. Ол тауып алған соң тіркеген екен. Қазір бұл метеориттің негізгі бөлігі Ресейдегі мұражайда сақтаулы.