Үкіметте әлеуметтік қызметтерді цифрландыру жобалары қаралды

Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруға көшіру оң нәтижелер көрсетті, деп хабарлайды 24kz.

Аталмыш жүйе ата-аналарға сапасы бойынша балабақшаны өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, содан кейін ғана мемлекет олардың оқуын қаржыландырады.

Пилоттық жоба биыл Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында сынақтан өтіп, тиімділігін көрсетті. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруға көшіру мәселелері Үкіметте қаралып, оны барлық өңірлер бойынша тарату жұмыстары талқыланды. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Асқар Ибраимов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Ваучерлік қаржыландырудың басты принципі оның сапасында. Яғни, бала-бақшаны енді ата-ананың өзі таңдайды. Осылайша, мектепке дейінгі ұйымдардар арасында бәсекелестік жоғарылайды, бұл тиісінше, ондағы сапаны арттырады. Бұл жүйе «қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша жұмыс істеп, үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді. Егер баланың ата-анасы немесе заңды өкілі басқа балабақшаны таңдап, ауыстырса, тиісті ваучер автоматты түрде онымен бірге таңдалған мекемеге жіберіледі.