Алматыда туристерді құтқару амалдары пысықталды
Алматылық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Шымбұлаққа апаратын аспалы жолдан туристерді құтқару амалдарын пысықтады, деп хабарлайды 24KZ. «Қыс-2024» оқу-жаттығуының сценарийі бойынша тау-шаңғы курортына бара жатқан кабина кенеттен тоқтап қалады. Мұндай жағдайда құтқарушыларға өте жылдам қимылдауға тура келеді. Себебі қатты суықтан ішінде қалған адам үсіп қалуы мүмкін. Алматы таулы аймақ болғандықтан, экстремалды спорт түріне қызығушылар көп. Тауға шаңғы мен сноуборд тебетіндер жиі келеді. Сондықтан құтқарушылар әртүрлі жағдайға дайын болуы тиіс.
Оқу-жаттығудың бір бөлімі рұқсат етілмеген жерге кетіп қалған екі туристі құтқаруға арналды. Шараға қалалық төтенше жағдайлар департаменті, Республикалық жедел-құтқару жасағы, Апаттық медицина орталығы, сондай-ақ қалалық құтқару қызметі тартылды. Барлығы 260 адам мен 77 техника жұмылдырылды.
Нұрлан Атығаев, қалалық ТЖД бастығы:
- Үшінші нысан ретінде «Алматыжылукоммунэнерго» серіктестігін таңдадық. Ондағы автономды қазандықтардың бірінде болған апатты қалпына келтірдік. Көпқабатты тұрғын үйлердің жылудан ажырап қалмауына жол бергеніміз жоқ. Құтқарушылардың барлығы өз ісін жетік меңгерген. Техника да жеткілікті. Сондықтан барлығын белгінген уақытта атқарып шықты.