Астанада жас кітапханашылар сайысы өтті

Жасанды интеллектіні кітапханашылар да меңгеруге тиіс. Бүгін Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханада жас кітапханашылар сайысы өтті.

Тың технологияны игерген қатысушылар кітапханаға енгізген жобасын таныстырды. Бірі кітап қорын цифрландыруға атсалысса, енді бірі кітапхана ісін жүйелеп, жеңілдетуде жасанды интеллектінің мүмкіндігін қолданған. Осы арқылы ұйымдастырушылар кітапханашылардың да жаңашылдықтан тыс қалмағанын көрсеткісі келеді. Әрі өскелең ұрпақты кітапханашы болуға үндейді. Себебі соңғы жылдары жастар арасында аталған мамандыққа деген қызығушылық төмендеп барады. Елде 20 мыңнан астам сала маманы болса, оның көбі – егде жастағылар.

Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры: 

- Қазір, керісінше, жалақылары көтеріліп жатыр. Жақында ғана Республика күнінде қызметкерлер пәтер алды, қызметтік пәтер. Оның өзі үлкен мотивация жастар үшін. Әлеуметтік жағынан осындай курстар тегін. Шетелге тәжірибе алмасу.

Рабиға Сайлаубекова, кітапханашы:

- Менің осы кітапқа деген сүйіспеншілігім кітапханашы мамандығына алып келді десем болады. Себебі ол жердегі маған жалпы кітапхананың аурасы, кітапхананың тыныштығы ұнайды. Оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырамыз. Педагог та, психолог та, әлеуметтік көмекші ретінде де барлық мамандықты игеріп тұрамыз.