Қарқаралы аудандық архивіндегі 180 мың құжат жойылып кетуі мүмкін

Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық архивінде сақтаулы тұрған 180 мың құжаттың жойылып кету қаупі бар.

Сыз тартқан ескі ғимаратта отырған мамандар сыймаған құжатты дәлізде сақтауға мәжбүр. 

Мекеменің жабдықтары да тозған.  Ауданда архив ғимараты қашан салынады ?

Қарқаралы аудандық мұрағатының ұжымы  ғасыр  бұрын салынған ағаш үйде отыр. Оған жапсарлас орналасқан құжаттар қоймасы  бұрын санитарлық-эпидемиялогиялық станцияның зертханасы болған.  Ғимараттың төбесінен су ағып, электр сымдары ескірген соң биыл жөндеуден өтті.   Алайда жерасты суы жақын болғандықтан, ылғалдан едені көтеріліп, жұмыс бөлмелері мен қойма сыз тартып тұр.

Манарбек Кәрім, аудандық мемлекеттік архив басшысы:

- Сыздан шыққан дүние, ылғал болған соң сиямен жазылған құаттар  осылай өңіп кеткен. Компьютерге  салып, қазір екі жұмыс істеп отырмыз ескі құжаттарға теріп. Архивке құжаттарды сақтап, келешекке жеткізу үшін, халықтың әлеуметтік сұранысын орындау үшін  жаңа ғимарат керек әрине. Ол архив деген тарих.

Қазір аудандық ахив қорында 180 мың құжат бар. Соның 20 мыңға жуығы қоймаға сыймағандықтан  дәлізде қаттаулы  тұр. Мекемедегі жабдық атаулының барлығы ескірген. Қайысқан сөрелер шатқаятап тұр. 

Манарбек Кәрім, аудандық мемлекеттік архив басшысы:

- Еденнің бәрі тегіс емес. Мынау стандартный стеллаждар, бірақ орнықсыз.  Стеллаждарды байлап қойғанбыз. Құлауы мүмкін қозғалып тұр. Бұл өте қауіпті қызметкерлерге.

Зейнетке шығуға және полигон аймағына жататын өңірден   екенін дәлелдеу үшін құжат іздеген   адамдар  мұнда жиі келеді.  Мамандардың айтуынша жылына 4 мың анықтама құжаты беріледі екен. Шежірелі шаһардың 200 жылдық тарихы бар. Осындай ел тарихына қатысты құнды құжаттар тұрған архивтің қазіргі жағдайы қатты қынжылтады,-дейді белгілі этнограф ғалым Темірғали Аршабеков. Ғалым қазір Қарқаралы аудандық архивінде 100 жыл бұрын сақталған араб тіліндегі құжатты аударып жатыр. 

Темірғали Аршабеков, этнограф:

- Бір ғасыр бұрынғы қүжаттарды сақтауды қазір шұғыл  түрде  аймақтық деңгейде көтермесе, бәрінен  айырылып қалуымыз мүмкін. Кез-келген уақытта су тиуі мүмкін, өрт те болуы мүмкін, себебі ағаш ғимаратта тұрған соң қауіпті. 

 Ильдар Әкімбаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының м. а:

- Бүгінгі таңда мәселені шешудің екі жолы бар. Архивке жаңа ғимарат салу керек, болмаса соған ыңғайлы нысан тауып беру қажет.  Оның өзінде архив талаптарына сай жабдықталуы тиіс. Қазіргі мекеме ұжымы отырған ғимарат ескі, бірақ апаттық жағдайда емес.

Келер жылы басқарма тарапынан Қарқаралы аудандық архивінің ғимаратына жан-жақты сараптама жүргізіледі. Соның қорытындысы бойынша мекемені өзге ғимаратқа көшіру, болмаса жаңасын салу мәселесі қарастырылады.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамаев, Зарина Зұлпыхар