Түркістан облысында жол бойындағы әжетхана жұмысына шағым көп түседі
Түркістан облысындағы жолдардың бойында 102 санитарлық-гигеналық торап бар екен.
Оның 52-сі жанар-жағармай құю бекетінде, 28-і жол бойындағы сервистік нысандардың ішінде, қалған 22-сі жеке орналасқан.
Алайда кейбірінің сапасы сын көтермейді. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Сондықтан үнемі жолда жүретін жүргізушілер мен жолаушылар санитарлық талаптарға сай келмейтін әжетхана қызметіне жиі шағымданады. Ал оған жауапты кім? Мәселе қашан шешіледі?
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолы бойында орналасқан санитарлық-гигеналық тораптардың көпшілігі күтімсіз. Дені санитарлық талапқа сай келмейді. Басты мәселе – тазалық пен күтіп-ұстау жұмыстарының тиісті деңгейде атқарылмауынан,- дейді мамандар. Әрине барлығы бірдей емес, арасында тазасы да бар. Біз жолда жүрген жүргізушілерден қоғамдық дәретханалардың сапасы жайында сұрап, білдік.
Блиц:
– Жалпы қазіргі әжетханаларға 50х50-деп айтса болады. Көңіліміз бір жағы толады, бір жағы түседі. Неге? Себебі кейбіреуі жақсы, кейбіріне аттап басу мүмкін емес. Тіпті жанынан өткенде исі мүңкіп жатады, әсіресе жаздың күндері.
- Қазіргі кезде қайда дұрысталды ғой. Бұрын нашар еді. Өзіміздің тоқтайтын жерлеріміз бар, таза жерлер, сол жерлерге тоқтаймыз.
- Мына Шымкентпен екі ортада лас қой әжетханалар, таза емес. Кейбірі ақылы.
- Иа, май құю бекеттерінде таза болады. Жолдағыларға кіріп көрмедім.
- Жолдың бойындағылар шамалы ластау болады, көпшіліктің жолы ғой. Таза болғаны өзімізге жақсы.
Жол бойындағы дәретханалардың тазалығына кім жауапты? Қашан талапқа сай нысандар салынады? Санитарлық талапқа сай келмегендеріне айыппұл салынады ма? – деген көкейде жүрген сауалды өңірлік орталық коммуникациялар қызметіне келген жауапты сала басшыларына қойдық.
Асқар Ысқақов, облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Ол статистикалық есепке алынып, статистика басқармасында тіркелуі тиіс. Сондықтан біз ондай жұмысты жүргізе алмаймыз. Егерде сіздер мемлекеттік орган ретінде өздеріңіздің бақылаудағы нысандарыз бойынша мониторинг жұмыстарын жасап, нақты фактімен ол мекемеге кім жасап беренін айтып, бізге жолдасаңыздар. Біз ол бойынша тексеру тағайындап, анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады.
Дәретхана тек қана тазалық пен мәдениеттің көрсеткіші емес, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін де маңызды. Алайда мәселеге байланысты жауапты мекемелердің мәліметі үйлеспеді. Біріне-бірі сілтегеннен ары аса алмады.
Мейіржан Жалайыров, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Республикалық маңызы бар жолдардың бойында «КазАвтожол» мекемесінің теңгерімде 25 дана әжетхана бар, қалғандары жекеменшік. «КазАвтоЖол» бойынша біз бірнеше рет министрлік те көтердік, бұлардың сын көтермейіні жөнінде. Қазір біршама жұмыстар жасалды ол бойынша. Өткен аптада біз СЭС мекемесіне хат жазған едік, соның жағдайын анықтап, бізге берсеңіздер, біз оны бұздыру мәселесін қарастырайық деп.
Жауаптылар жарамсыз әжетханаларды анықтауды бір-біріне жүктеп, әлек болды. Дәл осы сәтте облыс әкімдігінде өтіп жатқан туризмге қатысты жиында 11 әжетхананы бұзып, орнына ақпараттық дүңгіршік пен санитарлық талаптарға сай әжетханамен қамтылған модульдік нысандар орнату туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, соңғы 1 жыл көлемінде жол жиегіндегі дәретханалар желісін табысты бизнес көзіне айналдырған жеке кәсіпкерлер де бар. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Сондықтан көпшілік санитарлық талапқа сай био әжетханалардың санын көбейтуді сұрап отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш