Елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды

Енді органдардағы бос орындарға орналасу үшін үміткерлер өтініштерін онлайн жібере алады.

Бұрынғыша кезек күтіп, құжат тасып сабылмайды. Азаматтарға арналған мүмкіндікті мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді. БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз турын өткізген сала жетекшісі бірқатар жаңашылдықтармен бөлісті.

Әдетте бұл мекемеге тілшілер қауымы  ресми жиын, басқосуға келетін. Бүгін БАҚ өкілдеріне мемлекеттік қызметтің тыныс-тіршілігімен толық танысуға мүмкіндік туды. Төртінші билік өкілдерін агенттік төрағасы өзі қарсы алып, ғимарат ішін таныстырып шықты. Артынша мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жаңа тұжырымдаманың іске асырылуын баяндады.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы:

- Бүгінгі біздің іс-шарамыз мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл бойынша мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бар. Мемлекеттік органдар қоғамға, БАҚ өкілдеріне, масс-медиаға ашық болуы қажет деген. Сол себепті біз масс-медиа өкілдерін жинап, осында агенттіктің атқарылған алда атқарылар жұмыстарымен таныстырып отырмыз. Яғни біздің тікелей қандай жұмыстар жасалып жатқанын көрсету.

Жаңалық іздеп келген журналистерге сала басшысы үш бірдей жаңашылдығымен бөлісті. Алғашқысы - мемлекеттік қызметтегі цифрландыру. Енді салаға келгісі келген үміткерлерді қабылдау онлайн жүргізіледі. «еQyzmet» жүйесіндегі жоба бүгінде  44 мемлекеттік органда қолжетімді. Қазірдің өзінде республика бойынша 3 мыңға жуық азамат іріктеудің жаңа форматы арқылы түрлі лауазымға тағайындалып үлгерген. Алдағы уақытта бастаманың ауқымы кеңейтіліп, барлық құзырлы мекемелерге енгізу жоспарланып отыр.  

Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Жаңа жобада  адами факторды болдырмау үшін мемлекеттік лауазымға үміткерлердің деректері ID нөмірлер беру арқылы беймәлім болады. Заңнаманы білу, жеке құзыреттерін бағалау және мәтіндік-сандық тестілеу толығымен автоматтандырылған. Конкурстарға қатысудың онлайн кезеңдері үшін прокторинг жүйесі қолданылады. Айта кеткен жөн, бұл ең алдымен азаматтардың уақытн үнемдеу, қағазбастылықтан арылудың тиімді тетігі.  Сондай-ақ бір уақытта бірнеше бос жұмыс орындарына өтінім беруге мүмкіндік жасалған.

Отандық жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеуден өтпей-ақ қабылданады. Елге еңбек еткісі келген жас облыс орталығы мен аудан, қалаларда қызметке орналаса алады. Мүмкіндікке ие болғысы келетін студенттің диплом бойынша жинаған балы  ескеріледі. Сондай-ақ грант иегерлеріне басымдық берілмек.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы:

- Қазіргі таңда біздің ЖОО бітірген 421 түлегіміз тікелей конкурстық тест тапсырмастан ауылдық, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға орналасты. Біз мұны ары қарай жалғастырамыз. 

Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау мен  сапалы мемлекеттік қызмет көрсету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте агенттік қашықтықтан мониторинг жүргізудің  жаңа тәсілін тәжірибеге енгізген. Биылдың өзінде тексеріс нәтижесінде 85 мыңнан астам бұзушылық анықталыпты. 360-тан аса  лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.