Елорданың үздік волонтерлері марапатталды
Астанада үздік волонтерлер марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Қиын жағдайда қалғандарға қол ұшын беруге асығатын жастардың еңбегі соңғы 4 жылда осылай бағаланып келеді. Биылғы «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына 197 өтінім жолданып, оның 118-і іріктеліп, келесі сатыға жіберілді. Бұл үміткерлер тағы бірнеше сыннан өткен.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Байқауда әлеуметтік маңызы бар міндеттерді орындаған волонтерлерге басымдық берілген. Арнайы құрылған комиссияның қарауына 15 бағыт бойынша өтінімдер келіп түскен. Мұқият іріктеудің нәтижесінде 47 үміткер жеңімпаз атанды. Солардың бірі – 2019 жылы құрылған «Медицина жастары» бірлестігінің мүшесі.
Назерке Ұзаққалиева. Ұйым студенттердің құқығын қорғаумен және көмекке мұқтаж жандарға қол созумен айналысады.
Назерке Ұзаққалиева, «Медицина жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, жүлдегер:
- Біз бос уақытымызда студент медиктер болып, онкодиспансерлер мен хоспистерде науқастардың күтімі бойынша жұмыс атқарамыз. Яғни, медициналық персоналдарға көмек көрсету. Яғни, олардың жұмысын жеңілдету мақсатында күтім жасап және тамақтарын беріп, оларға психологиялық көмек көрсету сияқты жұмыстарды атқарамыз.
Еріктілер биыл су тасқынында ерекше көзге түсті. Апат кезінде үй-күйсіз қалған отандастарына көмек көрсетіп қана қоймай, оның салдарын жоюға да атсалысты. «Ел болып жұдырықтай жұмылудың арқасында қиындықты еңсердік», - дейді тасқын кезінде алғы шепте болған депутат Вера Ким.
Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір жолы халықтан жылу жинау туралы хабарландыру бердік. Таңғы 05:00 кезінде бір әйел қоңырау шалып, «Әскерилер, дәрігерлер мен еріктілерге ыстық тамақ дайындап беруге дайын екенін айтты. Кейін ол кісінің лашықта тұрып жатқанын, өз жағдайының да қиын екенін көрдік. Соған қарамастан, ел басына күн туғанда қолындағы барын беруге дайын болды. Осы оқиға маған қатты әсер етті.
Биыл ТМД елдерінде «Волонтер жылы» деп жарияланған. Соның аясында еліміздің еріктілері көптеген халықаралық іс-шараларға қатысып, әріптестеріне төтенше жағдайда әрекет ету алгоритмін үйретіп жатыр.
Айбек Досымбетов, Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі:
- Өздеріңіз білесіздер, мынау су тасқынынан кейінгі қайта қалпына келтіру, орман өртінен кейінгі қалпына келтірудегі, осы жердегі волонтерлердің біздегі жұмыс жасау тәсілдері, олардың тартылуы, қамтылуын мысалы ТМД елдері сол бағытқа қызығушылық танытып, өзге елдегі әріптестерге қазір методикалық әдістеме ретінде беріп жатырмыз.
Бүгінгі халықаралық волонтерлер күні қарсаңында «Игі істер марафоны» жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де өтті. Іріктеу нәтижесінде жеңімпаз атанған 20 үміткерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Арман Ақшабаев