5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні

5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні

Биылғы су тасқыны батысқазақстандықтардың бірлігі мен тірлігін паш етті, деп хабарлайды 24kz.

Сәуір айында табиғи апатқа тап болған 13 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Жайық бойындағы 84 елді мекенде 100 шақырымнан аса бөгет тұрғызылды, еліміздің әр түкпірінен жеткен мыңдаған тонна гуманитарлық жүк аудан-ауылға шашау шығармай таратылды.

Сабыржан Сағидолланың жасы 20-да. Волонтерлер қатарына осыдан 4 жыл бұрын колледжге түскен күннен қосылыпты. Ол кезде тәжтажалмен күреске қол ұшын созса, биыл су тасқынының алдын алуға жұртпен бірге жұмылыпты.

Әуелі су қоршауында қалған Қаратөбе ауданына гуманитарлық жүк жеткізіп, тұрғындарды шығаруға атсалысқан. Кейін Оралда қапшықпен құм тасып, бөгет салған. «Екінші саяжай ауданының тасқын судан аман қалуына үлес қосқаныма мақтанамын», - дейді ол.

Сабыржан Сағидолла, ерікті:

- Атам мен әжем қолында өскен адаммын. Кішкентай кезімнен әжем: «Айналаңа көмектесіп жүр, әрдайым қолыңнан келсе, көмек етуге дайын бол» дейтін. Одан бері өзім туып-өскен ауылымда көптеген қарт кісілерге көмек беру арқылы еріктілік дегеннің не екенін білдім. Сосын оны әрі қарай жалғастырдым.

Ал жергілікті университеттің 3-курс студенті Әмір Жалғасбай достарымен бірге волонтерлер қатарына сәуір айында қосылыпты. Дамба тұрғызған, гуманитарлық жүктерді жеткізген. Енді бірінде тасқыннан қашып үлгермей қалған әжейді белшеден су кеше жүріп аман алып қалған.

Әмір Жалғасбай, 3-курс студенті:

- Терезе арқылы кіріп, әже мен екі немересімен екінші қабатта отыр екен. Екі немересі 3-4 оқитын балалар болуы керек, соларды алып шықтық. Әрі қарай басқа адамдар алып кетті. Бізге адресті «анда дамба құру керек» деп айтылды. Біз барғанда дамба бұзылып кеткен, яғни, дамба құратын уақыт жоқ. Бәрі адамдарды алып шығып, көмектесіп жатты.

Облыста 100-ден астам волонтерлік ұйым тіркелген. Еріктілер сапында 15 мыңдай адам бар. «Айналасына жәрдемдесуге әркез әзір тұратын еріктілер азаматтық қоғамның қалыпты дамуының негізі», - дейді мамандар.

Аңсар Ибраев, БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы:

- Волонтерлік жас ерекшелігін ешқашан таңдамайды. Ол жерде жастарымыз да бар, үлкендер де бар және су тасқыны кезінде 10 мыңнан астам волонтерлар жұмыс атқарды. Қазір айтатын болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы көптеген студенттер өз еріктерімен келіп қызмет еткен болатын. Енді волонтерлік баршаға белгілі, ол жерде ешқандай еңбекақы төленбейді, барлығы өз еркімен келіп көмектеседі.

5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні. Осыған орай өңірде 8 аталым бойынша үздіктер анықталыпты.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов