Көкшетауда өнерге жақын прокурор жұмыс істейді
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысы, олардың жеке өмірі көпшілікке кеңінен таныс емес. Әсіресе прокурорлар жайлы қарапайым халық көп біле бермейді. Заң үстемдігін қадағалаушы орган мамандарының ішінде домбыра тартып, ән шырқайтын прокурорлар да аз емес.
Жігітке жеті өнер де аз. Облыстық прокуратураның аппарат басшысы Ержан Жандосов қазақтың қара домбырасын бала күнінен жанына серік еткен. Қазірде жұмыстан қолы қалт еткенде қос ішекте ойнауға асығып тұрады.
Ержан Жандосов, облыстық прокуратураның аппарат басшысы:
- Әкеміз спортқа берсе, енді әр әке өз баласының күшті, мықты спортшы болғанын қалайды ғой. Аналарымыз балаларының өнерлі болғанын, термеге берді, домбыра үйірмесіне берді. Ән айтқызып қойды, хорға да бардық. Негізі бала күнімнен «ұялмаған әнші болады» дегендей, қандай бір өнерге жібереді, соған қатысатынмын.
Ержан Жандосов – Ақтөбе облысының тумасы. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Биыл прокуратура саласына келгеніне тура 15 жыл болды. Білімді де білікті азамат осы уақыт аралығында еліміздің біраз өңірінде қызмет атқарыпты. Қарапайым қызметкерден бастап, облыс прокуратуның аппарат басшысы лауазымына дейін жеткен.
Ержан Жандосов, облыстық прокуратураның аппарат басшысы:
- Университетті үздік аяқтағаннан кейін мен өңіріміздің кез келген жеріне қызмет етуге дайынмын дегенді сөзбен ғана емес, іспен дәлелдедім деп ойлаймын. Себебі республиканың түкпір-түкпірінде жұмыс істедім. Қазіргі таңда Көкшетау, Көкше өңірі мен үшін 7 өңір болып есептеледі. Әлемдік бәсекеге қабілетті азаматтар болу, тұлға болуды талап етеді. Сондықтан да, әрине, күнделікті өзімізді шыңдап отырамыз. Әншейін күнделікті тапсырмаларды орындап қана қоймай, түрлі кітаптар оқимыз.
Қазір облыс бойынша прокуратура саласында 200-ден астам адам қызмет етеді. Оның ішінде 44-і – нәзік жанды арулар.
Луиза Байжанова, Көкшетау қалалық прокуратурасының прокуроры:
- Менің жұмысым соншалықты ауыр деп айта алмаймын. Егер адам өз жұмысын жақсы көрсе, онда оған еш ауыртпалық тудырмайды. Қазір мен бюджет қаражаты қалай жұмсалатынын және тергеулердің қалай өтетінін қадағалаймын. Бос уақытымда сағаттап нормативтік-құқықтық әдебиеттерді оқимын.
Атап өтетін жайт, соңғы кезде заң үстемдігін қадағалаушылар инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беріп отыр. Мәселен, осы жылдың өзінде құны 190 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жобаның жүзеге асуына ықпал етті.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка.