Бұқтырмадағы технологиялық көпір мерзімінен бұрын бұзылады
Бұқтырманың үстінен салынған жаңа көпірдің қолданысқа берілгеніне бір жарым ай болды, деп хабарлайды 24KZ. Елдегі ең ұзын өткел қазір алты бірдей ауданға барыс-келісті жеңілдетіп, халықтың игілігіне қызмет етіп тұр. Дегенмен дәл осы күрделі гидроқұрылымды салуға мүмкіндік берген «уақытша көпірді» бұзу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Күннің жайсыздығына қарамастан ондаған адам күн-түн демей еңбек етеді.
Бұқтырманың үстімен салынған ең ұзын көпір өңір халқының өмір тынысына өзгеріс енгізді. Бұрын суық түсе паромның жүрісі қиындап, жұрт су қоймасынан өте алмай әбігерге түсетін. Амалы құрыған соң айналма жолмен сабылатын. Енді, мінеки, логистика жеңілдеді. Отын, азық-түлік, астық өнімдерін тасымалдауда еш кедергі жоқ. Мұз үстімен жүруге мәжбүр болған қорқынышты күндер де артта қалды.
Жұматай Қарағызов, Күршім ауылының тұрғыны:
- Қазір, міне, қандай рақат! Үш минутта өте шығасың, көпірден 3 минутта жүресің қазір, міне. Басынан аяғына дейін өте тиімді болып тұр.
Дегенмен өткел маңында әлі де қарбалас. Мұнда негізгі құрылымды салу үшін тұрғызылған «технологиялық көпірді» бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Уақытша көпірді бұзып алу оңай шаруа емес. Әсіресе осы кезде. Өйткені, мінеки, Бұқтырманың үстін қазіргі мезгілде мынадай қалың тұман басып қалады. Бұндай ауа райы бірнеше күнге созылуы мүмкін. Бұл материалды жағаға жеткізетін баржаның жұмысын қиындатады.
Уақытша көпір өз міндетін атқарды. Ендігі міндет – оны бөлшектеп, бұзып алып тастау. Қазір бұл жауапты іспен 30 маман айналысып жүр. Солардың бірі – Шымкенттің Түлкібасынан келіп еңбек етіп жатқан Алексей Трусов. 20 жылдық тәжірибесі бар ол өзінің осындай стратегиялық құрылысқа үлес қосқанын мақтан тұтады. «Талай жағаны жалғап, талай өткелді тұрғыздым бірақ осы көпірдің орны бөлек», – дейді ол.
Алексей Трусов, кран жүргізушісі:
- Байқап қарасам, 10 шақты көпір салуға атсалысыппын. Бірақ соның ішінде күрделісі – осы Күршім көпірі. Ең бір әдемі әрі ауқымды жобаға қатысқаныма ерекше қуанамын. Қазір, міне, уақытша өткелді бұзып жатырмыз. Мұз қатпай тұрып көп шаруаны аяқтап, мерзімінен ерте бітірсек деген ойымыз бар.
Қазір демонтаж жұмыстарының 50%-і аяқталды. Ең алдымен су кемелерінің жолын ашу үшін құрылғының орта тұсы алыныпты. Күн райы күрт бұзылатын өлкеде әр сағатты үнемдеуге тура келеді. «Сондықтан суыққа қарайтын шама да жоқ», – дейді мұндағылар.
Саттар Жықанов, жұмысшы:
- Суық қой кішкене. Суық болады, түк етпейді. Оған біз төзген адамдармыз, біздің жер осылай ғой енді Күршім ауданында.
Мамандардың айтуынша, технологиялық көпір жыл соңына дейін толық алынады. Ал келесі жылы тәулігіне 80 мың көлік өткізуге қауқарлы өткел маңына үлкен саябақ салынып, туристік нысандар бой көтереді деп жоспарланған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.