Баспана базынасы

Биыл отандастырымыз баспана үшін 1,4 триллион теңге ипотекалық қарыз алды.

Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 17 пайызға көбейді. Әсіресе соңғы айларда тұрғын-үй несиесіне деген сұраныс күрт артқан. Бұл туралы, Ұлттық банк мәлімдеді. Мұндай мәліметке таңғалатын түгі жоқ. Қазір нарықта баға өсті, тиісінше баспаналы болудың жалғыз жолы, ипотека. Бірақ мұндай мүмкіндік бәріне бірдей беріліп жатқан жоқ. Жұртшылық жоғары пайыз бен, қолайсыз шарттарға жиі шағымданады. Оның үстіне үй кезегінде тұрған азаматтар да көбейді. Баспана базынасын шешудің жолы қандай?

Баспана – қаладағы қазақтың басты базынасы. Жатарға жылы орын іздеп жүрген қарашаның қарасы қалың. Алдымен мұқтаж жұрттың мұңын тізсек. Қазан айындағы көрсеткіш бойынша елде 650 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Соңғы екі жылда осы тізімдегі 16 мыңға жуық адам үй алды. Алайда жыл сайын тұрғын үйге мұқтаждар саны шамамен 14% - ға артып отыр. Демек, көмек күткендер саны азаяр емес. Алайда атқамінерлер үй кезегін қайта нақтылау қажет дейді. 

Қуандық Қажыкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Тұрғын үй кезекінде тұрғандар тізімін енді жылына емес, тоқсанына бір рет түгендеп тұрамыз. Бұған дейін тексергенімізде 45 мыңға жуық адамның кезегі расталмады. Сондай-ақ айта кетерлігі, тек биыл ғана жалға берілетін баспана құрылысына 300 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Мұқтаж жандарды жақын уақытта үймен толық қамту мүмкін емес. Сондықтан олардың бір бөлігіне жалдамалы пәтерлер беріліп жатыр. Бүгінде 50 мыңнан астам отбасына дәл осы көмек қаралған. Енді оларға бастапқы құнының қалғанын төлеп, тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Ләззат Ибрагимова, "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасы:

- Әрбір өтінім бойынша біз отбасының цифрлық портретін жасаймыз. Ол кірістер мүлік және активтер туралы ақпаратты қамтиды. Бұл тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтың отбасылық және қаржылық жағдайының барлық аспектілерін ескеруге мүмкіндік береді. Азамат туралы толық ақпаратты біле тұра, біз оның тұрғын үй мәселесін тиімдірек шеше аламыз.

Бұл мұқтаж жандарды қолдаудың қарекеті. Ал бар ауырлық осы тізімге енбейтін азаматтарға түседі. "Отбасы банк" ұсынған бағдарламалар тиімді болғанымен, бәріне бірдей беріле бермейді. Биыл әр екінші тұрғын-үй несиесі коммерциялық банктер арқылы рәсімделді. Осылайша "Отбасы банкінің" нарықтағы үлесі 3 жылда 15 пайызға төменді. Салдарынан қараша қымбат ипотекаға ұрынуға мәжбүр. Сайып келгенде, бұл халықтың қалтасын қағады. Оның үстіне саладағы жаңа реформа баспана бағасын шарықтады деп ел дүрліккен. Бірақ сарапшылар мұнымен келіспейді.

Лариса Степаненко, сарапшы:

- Бұл өзгеріс тұрғын үй нарығына айтарлықтай әсерін тигізеді деп ойламаймын. Себебі бұдан сұраныс артпайды. Үйге мұқтаж адамдардың, үй сатып алуға шамасы жететін адамдардың саны өзгермейді, бұрынғыдай қалады. Әрине үй сатушылар, делдалдар биліктің мәлімдемесін өз пайдаларына жаратуды көздеп, үй бағасын қымбаттатуға тырысуы мүмкін. Бірақ ол да ұзаққа бармайды. Нарық өзін-өзі реттейді. Үйді қымбаттатқанмен оны сатып алатын тұтынушы бәрібір болмағандықтан уақыт өте бұрынғы деңгейіне қайта түседі.

Ал бағаны бағамдасақ, биыл жаңа үйлер аздап қымбаттады.1 шаршы метрі 497 мың теңгеге бағаланды. Бұрын салынған үйлердың құны болса, сәл арзандаған. Қайталама нарықтағы орташа баға 1 шаршы метрге 509 мың теңгеден келіп тұр. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады. Ипотекаға шамасы келмегендер үй жалдайды. Ал жалдамалы пәтердің құны жылдан жылға шарықтап жатқаны айтпаса да түсінікті.

Бекзат Аманов