ШҚО-да Ертіс өзенінің жағасы нығайтылып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзенінің бойына топырақ үйіліп, өзен жағасы биіктетіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені оның жағасындағы Прапорщик ауылын көктемде су басып кетуі мүмкін. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері мен төтенше жағдайлар қызметінің сарапшылары жұмыс жоспарын бекітіп, алдын алу шараларын бастап кетті. Енді оны экологтар мен бассейндік инспекция мақұлдау керек.

Прапорщик ауылы соңғы он жылдан бері қауіптің орасында тұр. Өйткені Ертіс өзенінің жағалауы бұзылып барады. Қазір судың арнасы өзгеріп, елді мекенге едәуір жақындап қалды. Оны құтқарушылар да растап отыр.

Константин Боровиков, Глубокое ауданы ТЖБ бас маманы:

- Бұл ретте су арнасын реттеу керек. Бірақ біз оған кірісе алмай отырмыз. Ол үшін жоба дайындау қажет.

Алайда, қауіпті аумақтарды жермен күшейту мүмкін болмай тұр. Ол үшін табиғат қорғау қызметі, экология департаменті мен бассейндік инспекцияның рұқсаты керек. Сондықтан жағаны топырақпен нығайту шешімі қабылданды. Қазір мұнда ауыр техника жұмыс істеп жатыр.

Наталья Мосиенко, ауыл тұрғыны:

- Жұмыс 5-6 күн бұрын басталды. Бұл жаңалықты ауыл тұрғындары қуана қабылдады. Өйткені судың жағасы осал.

Ертіс бассейндік инспекциясы қызметкерлерінің айтуынша, су арнасын реттеуге жоба жоқ. «Сондықтан бұл жұмыс ғылыми негіздемесіз жүргізілмейді», - дейді олар.

Светлана Леонтьева, Ертіс бассейндік инспекциясының филиал жетекшісі:

- Ертіс – күрделі, әрі трансшекаралық өзен болып саналады. Сондықтан оның арнасын реттеу үшін жобалық құжат жасау керек. Бұл жұмыс басқа салаларға кері әсерін тигізбеуі тиіс.

Егер көктемде жағаны су шайып кетсе аудан көлемінде төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Сондықтан құзырлы органдар бірлесе отырып, құтқару жоспарын бекіту керек. Мәселен, шекаралас Ресейдегі Обь-Ертіс бассейнінде биыл 90 су орамы реттелді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин